Қазалы ауданындағы мектепте 26 жылдан бері спорт залы болмаған

26 жыл бойы дене шынықтыру пәні аядай кластарда өткен. Қызылорда облысы Қазалы ауданындағы №226 мектеп-гимназияда 1995 жылдан бері спортзал болмаған. Көптен күткен ғимараттың биыл іргесі қаланғанымен құрылыс кестеден кешігіп жатыр. Оған не себеп? 

Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентіндегі №226 мектеп-гимназия ғимаратының іргетасы 1963 жылы қаланған. Кезінде шипажай ретінде салынған екен. Ал 1995 жылдан бастап мектепке бейімделген. Содан бері 26 жыл уақыт өтті. Бұл оқу ордасының спорт залы болмаған. Оқушылар дене шынықтыру пәнін аядай сыныптардың ішінде өтіп, шахмат, дойбы ойнаумен ғана шектелген. 

Оқушылардың көптен күткен спорт залы мектепке жапсарластырып биыл салына бастапты. Келісім-шартқа сәйкес мердігер мекеме құрылысты сәуір айында бастап, тамыз айында аяқтауы керек еді. Алайда спорт залдың әлі төбесі де жабылмаған. Қабырғасы сыланып жатыр. Құрылыстың кешеуілдеуіне жер асты сулары кедергі болыпты.

Арман Мұхамедиев, мердігер мекеменің өкілі:

- Бастапқы құйған фундамент дейді ғой, іргетас. Екі мәрте қайтадан бұзып алынып, астындағы суын көміп, құрылыс талабымен тоқтатып қайтадан құйдық. Сол көп уақытты алды. Жері, ауласы тарлық етті. Үлкен ауыр техниканың жүруі, бәріне аздап кедергі болды.

Тамызда түгесілмеген құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме өкілі қыркүйектен қалдырмай аяқтаймыз деп отыр. Ал гимназия директоры бірер күнде оқуға келетін оқушылардың қауіпсіздігін қалай қадағалайтынын түсіндіруге тырысып бақты.

Ерік Өмірзақов, №226 мектеп-гимназияның директоры:

- Қауіпсіздігіне байланысты өзіміз қадағалаймыз. Алдында қоршалған еді мына қаңылтырлармен. Кран келгеннен кейін, құрылыс материалдары келгеннен кейін алынды. Енді тапсырма берілді бұл жерді қоршауға. Жан-жағы қоршалады, тек асханаға баратын жол ғана ашық болады балаларға.

450 орынға бейімделген оқу ошағында биыл 800-ден астам оқушы білім алмақ. Олар екі ауысыммен оқиды. Алайда оқушылар үшін арман болған дене шынықтыру сабағын кең спортзалда бастап кету әзірге мүмкін емес. Мектеп ауласындағы ойын алаңы да әбден тозған. Сондықтан құрылыс аяқталғанша оқушылардың бұрынғысынша шахмат пен дойбы ойнай тұруына тура келеді.

Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Байділдаев