Мұғалімдердің жалақысы неге күрт төмендеді

Батыс Қазақстан облысының ұстаздарын еңбек сабағына қатысты жаңалық аң-таң қылды. Ауылда бала саны азайған мектептерде дәл осы сабақты ұлдар мен қыздар енді бірге оқитын болған. Сол себепті мұғалімнің де жұмыс сағаты азайып, жалақысы күрт төмендеді.

Бұл тұрмақ енді жаңа жүйеге сай ортақ оқулық та жоқ. Ал сабақтың басталуына бірер күн ғана қалды.

Көркем еңбек пәнінің мұғалімі Ғалым Қиясов 20 жылдан астам уақыттан бері Махамбет ауылындағы мектепте қызмет атқарып келеді. Туып-өскен елді мекенінен ешқайда кеткісі жоқ. Алайда қазір алдағы күніне алаңдаулы. Жаңа оқу жылында жалақысы екі есе төмендейтін түрі бар. Оның үстіне сабақ үрдісінің түбегейлі өзгеруі де қиындық туғызып тұр.

Ғалымжан Қиясов, көркем еңбек пәнінің мұғалімі:

– Енді бір бағдарлама шығарайын деп тұр ғой. Қыздарға да, ер балаларға да бір бағдарлама. Соған да қарсымыз біздер. 01.44. Жалақы енді 50 пайыз төмен түсіп кетті ғой бізде. Қалай енді ол? Президенттің Жолдауында жалақы өсті деп айтты ғой. Біз өскенін әлі көрген жоқпыз.

Әр сыныпта бала саны 20-дан аспайтын мектептердің бәрін де осындай жағдай.

Ағаш пен тері өңдейтін шеберлердің бұдан былай қыздарға іс тігуді де үйретуіне тура келеді. Ал ине мен оймақтан ажырамаған ісмер ұстаздар кейде ұста болуға мәжбүр. Сәйкесінше жұмыс сағаты еселеп қысқарады. «Жаңа жүйе білімнің де, тұрмыстың да сапасын төмендетіп жібере ме» деп қынжылады педагогтар.

Нұрлан Қаженов, көркем еңбек пәнінің мұғалімі:

– Аптасына 18 сағат болды. Біздер енді ауыл мектебі болғасын оқытушылар саны бар. Бөлген кезде қазір 6-7 сағаттан қалайын деп тұр біздерде. Әдістемелік орталықтар мен облысқа былтырдан бері айтып жүрміз. Бірақ ешқандай біздерге жауап жоқ. Ешкім ешқандай жауап бермей жатыр. Біздер далада қалған есебіндеміз.

Руслан Ахметов, көркем еңбек пәнінің мұғалімі:

– Бұл жалғаса берсе, не болады. Ертең қыздарымыз ағашпен жұмыс істеп, жер қазбайды ғой, мысалы үшін. Әрбір ата-ана үйінде ұлын ұлша, қызын қызша тәрбиелейді. Ал мектептегі мұғалімдер – екінші ата-ана ғой. Ұлды ұлша, қызды қызша тәрбиелеуіміз керек қой.

Облыстық білім басқармасы салаға енгізілген жаңашылдық сол күйінде қалатынын мәлімдеді. Ал ұлдар мен қыздарға арналған ортақ бағдарламаны әзірге ұстаздардың қиыннан қиыстыруы қажет көрінеді.

Светлана Темірғалиева, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:

Жаңа оқу жылынан бастап еңбек сабағы ұлдарға, қыздарға болып бөлінбейді. Екі оқулықтағы тақырыптарды алып, сәйкестендіріп келіп, алдыңызға келген балаға оны үйретуге болады. Ол сіздің шеберлігіңізге байланысты. Бүгінгі таңда жоқ қой бізде проблема, мысалы, машинаны тек қана ер адамдар айдайды деген. Бізде қазір космосқа да әйел адамдар ұшып жатыр ғой. Болды, мен сіздердің сұрақтарыңызға жауап бердім.

Мұғалімдер көктемде министрлікке де хат жолдаған. Алайда еш жауап келмепті. Педагогтар «ауылдық жерлердегі мамандардың жағдайы назардан тыс қалмаса екен» дейді.

Ал жоғарыдағылар бұл өзгерістің енгеніне 4 жылдай уақыт болы дейді салаға жауаптылар. Олар тігін машинасы немесе ағаш жонып, темір соғатын төсі жоқ мектептерде балаларды біріктіріп оқытқан дұрыс дейді. Оны әрбір мектеп басшылығы жеке шешеді деп қалды. Бірақ оқу бағдарламасы қалай боларын айтқан жоқ. Ұстаздардың қандай әдіспен сабақ беретінін ешкім білмейді. Анығы – еңбек пәні мұғалімдерінің де жалақысы өседі. 

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов