423,95 504.32 5.84
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Мектептерге кейбір пәндерді қашықтық форматта өткізуге рұқсат беріледі – вице-министр

  • 252
  • UPD: 22:13, 27.08.2021
Мектептерге кейбір пәндерді қашықтық форматта өткізуге рұқсат беріледі – вице-министр

Мектептерге кейбір пәндерді қашықтық форматта өткізуге рұқсат беріледі. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мәлім етті, деп хабарлайды Хабар 24.

«Жаңа оқу жылын қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, штаттық форматта бастау жоспарлануда. Бүгінгі күні мектепке дейінгі ұйымдар штаттық жұмыс режиміне оралды. Осы оқу жылында 7 мыңнан астам мектеп шамамен 3,6 млн оқушыны, оның ішінде 380 мыңға жуық бірінші сынып оқушысын қабылдайды. Штаттық режимде оқуды бастау үшін Білім және ғылым министрлігі мектептер жүктемесіне үлкен талдау жүргізді. Ұлттық білім беру деректер қорының деректері бойынша мектептердің 95 пайызының жобалық қуаты мен оқушылар саны барлық санитариялық талаптарды сақтай отырып, оқуды толық штаттық форматта бастауға мүмкіндік береді. Мұндай мектептерде оқушылардың 81 пайызы білім алады», – деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында.

Сонымен қатар вице-министрдің атап өтуінше, мектептерге кейбір пәндерді қашықтық форматта өткізуге рұқсат беріледі.

«Оқушы орындарының тапшылығы, 3 ауысымдылығы бар 300-ден аса мектеп бар. Бұл жалпы мектептердің 5 пайызын құрайды. Мұндай мектептерде оқушылардың 19 пайызы білім алады деп жоспарланып отыр. Осы мектептер қосымша іс-шаралар арқылы, оның ішінде кейбір пәндерді қашықтан оқыта отырып, оқу икемді кесте бойынша штаттық түрде жүргізіледі. Ауысымдар мен кіші ауысымдар ұйымдастырылады. Негізгі пәндер бұл мектептерде штаттық форматта оқытылады. Бүгінгі күні Бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысы қабылданды. Байланыста болған балалар үшін оқшаулау кезеңіне синхронды қашықтан оқыту ұйымдастырылады. Ата-аналардың өтініштері негізінде созылмалы науқастары бар балаларға медициналық ұйым анықтамалары негізінде асинхронды қашықтықтан оқыту ұсынылады. Бұл оқушылар оқулықтармен, оқыту контенті бар ақпараттық жүйемен, электрондық журналмен қамтылады. Жиынтық бақылау жұмыстарын олар мектепте тапсырады. Сабақтардың ұзақтығы 45 минутты құрайды», – деді Шолпан Каринова.

Ата-аналардың өтініштері негізінде созылмалы аурулары бар балаларға медициналық ұйым анықтамалары негізінде асинхронды қашықтан оқыту форматы ұсынылатын болады.

Мектептерде оқу процесі қатаң түрде санитарлық талаптарды сақтай отырып жүргізіледі. Бұл: күнделікті термометрия, маскалық режим, кварцтау, желдету, дезинфекциялау, бұқаралық және қоғамдық іс-шараларды шектеу, бастауыш, орта, жоғары сыныптарды дәлізде араластырмау үшін әр уақыттағы үзілістер, ауысымдар санын арттыру, педагогтер мен мектептің басқа да қызметкерлерін 100% вакцинациялау (медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарды қоспағанда) бір сыныпқа бір кабинет бекіту жүйесі жүргізіледі.

Хабар 24 телеарнасы