Елордада баланы мектепке жинау қанша тұрады?

Биыл еліміздегі оқушылар бір жарым жыл үзілістен кейін мектеп табалдырығын қайта аттайды. Осыған орай ата-аналар оқуға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға кірісті. Тұрғындардың айтуынша, биыл оқу құралдары едәуір қымбаттаған. Жалпы баланы мектепке дайындау үшін қанша қаражат қажет?

Ата-аналарға  балаларын жаңа оқу жылына дайындау оңайға соқпай отыр. Әсіресе көп балалы отбасыларға әжептәуір салмақ түседі. Себебі барлық тауар бағасы шарықтап кеткен. Мектеп киімдері мен оқу құралдарының қымбаттағанын елордалықтар пандемиямен байланыстырады. Олардың есебінше, биыл оқушыға керек-жарақтың құны шамамен 20-30 процентке өскен.

Бақытбек Тоқай қала тұрғыны:

- Үш балам бар, улкен қызым екінші сыныпқа барады. Оның өзі киімі, сумкасы, барлығына 50-60 мың теңге қаражат кетеді. Екінші балам енді даярлыққа барайын деп жатыр. Оған да дәл солай, кішкентай балалардың киімдері өте қымбат. Үлкен адамның киімімен бірдей.

Аққу Рахима қала тұрғыны:

 Торговый домдарға барып келдік, баға қымбат... Базармен саластырып көреміз, екі балаға минимум 300 мың теңге кетеді. Жылдағыдай емес, баға өте қосылды деп естідік.

Сатушылардың сөзінше, бір баланы оқу-құралдарымен толық қамтамасыз ету үшін 20 мың теңгенің көлемінде қаражат кетеді. Мәселен, ең көп қолданылатын 12 беттік дәптердің бағасы 25 теңге,  96 беттік дәптер 250 теңге, күнделік 2 мың теңге, қалам мен қарындаш 35 теңгеден, ал бояулар 600 теңге тұрады.

Сондай-ақ қыз баланың киімі ұл баламен салыстырғанда базарда да, дүкенде де қымбаттау екенін байқадық. Нәтижесінде бір оқушыны мектепке киіндіру үшін орта есеппен 80 мың теңге көлемінде қаражат қажет. Бұл Нұр-Сұлтан қаласы бойынша көрсеткіш және қосымша шығын көрсетілмеген баға.

Әнел Еділқызы, Марат Диханбаев