Алматы облысында 10 жаңа мектеп пайдалануға беріледі

Жалпы, биыл аймақта 33 білім мекемесінде құрылыс жүргізілуде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал бүгін Іле, Қарасай, Ескелді және Панфилов аудандарында жаңадан 6 мектеп ашылды. Одан бөлек, тағы 3 жекеменшік білім нысаны оқушылар қабылдайды. Білім күні карантин талаптарына сәйкес, тек бірінші сынып оқушылары ғана алғашқы қоңырау салтанатына қатысты.

Іле – Алматы облысында халық тығыз орналасқан ауданның бірі. Бүгінгі күнге дейін ондағы Қараой ауылының бар баласы үш ауысыммен оқып келген еді. Бұл мәселені шешу үшін облыс бюджетінен 3 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Оған сәні мен салтанаты жарасқан зәулім ғимарат салынды.

Айгүл Уәлибаева, мектеп директоры:

– Қараой ауылында бір ғана мектеп болған. Ол үш ауысымды мектепте 2 мыңға жуық бала оқыған болатын. Қазір білім ордасы ашылғаннан кейін біздің жаңа ашылған мектебімізге 800-ге жуық бала келіп жатыр.

Боралдай кентінде осыған дейін 4 мектеп болған. Соның өзінде бала саны толық болғандықтан 2 білім ошағының құрылысын бастау туралы шешім қабылданды. 300 орындық жаңа мектеп білім күні есігін айқара ашты, екіншісінің құрылысы келесі жылы аяқталады.

Бағдат Қарасаев, Іле ауданының әкімі:

– Жалпы, біз биылғы жылы 4 мемлекеттік мекемесін өткіземіз. Міне, бірінші сыныпқа Қараой мен Қосөзенде мектептер тапсырылды. Үшінші мектеп Боралдай кентінде. Осы қараша айында тағы  Жәпек батырда 4-мектеп өткізіледі.

Жалпы, биыл Алматы облысында жаңа оқу жылында 47 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барды. Оқушылар саны 440 мыңға жетті.

Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов