QazVac құрамындағы Ухань штамы дельта штамына ауыстырылады

Отандық ғалымдар QazVac вакцинасының құрамындағы Ухань штамын Дельта штамына ауыстырмақ. Бұл туралы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья мәлімдеді. Айтуынша, қазір тиісті зерттеу жүргізіліп жатыр. Нәтижесі оң болып, Денсаулық сақтау министрлігі рұқсат берген жағдайда QazVac-тың келесі партиясы жаңа құраммен дайындалады.

Қазвак вакцинасының авторы Күнсұлу Закарья отандық ғалымдар зерттеу барысында зор тәуекелге барып отырғанын айтады. Дегенмен, нәтиже бар. Ел ғалымдары дельта штамы келгелі оның құрамын жіті зерттей бастаған. Ең әуелі Қазвактың штамдық құрамын өзгерту арқылы клиникаға дейін жануарларға зерттеу жүргізілді. Нәтижесі оң. Министрлік рұқсат берсе, «Қазвактың» келесі партиясы жаңа құраммен дайындалады.

Күнсұлу Закарья, биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры:

- Біздің ел аумағына дельта штамы келген сәттен бастап, Үкіметтің тапсырмасына сәйкес оны зерттеуге кірістік. Отандық вакцина құрамындағы штамды ауыстыру және оны жануарларға сынау жұмысына 2 ай уақыт кетті. Бүгінде Денсаулық сақтау министрлігінің ресми рұқсатын күтіп отырмыз. Рұқсат берілсе, Қазвак құрамындағы Ухань штамын дельта штамына ауыстыратын боламыз.

Отандық вакцина авторы «ҚазВак-тың үшінші кезеңі бойынша клиникалық зерттеу жұмысының аяқталғанын айтты. Қазір вакцина «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау» ұлттық орталығының сараптауынан өтіп жатыр. Әзірге оның нәтижесі дайын емес. Қорытынды есеп нәтижесі оң болса, отандық вакцина туралы ғылыми мақалалар әлемнің жетекші басылымдарында жарық көрмек. Қазақстандық вакцинаны жасауға 3 мың адам қатысқан. 

Күнсұлу Закарья, биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры:

- Егер ҚазВак-тың үшінші кезеңі бойынша барлық клиникалық зерттеу есебін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы мақұлдаған жағдайда біз қазақстандық вакцина туралы көпке танымал журналдарға мақала жария етпекпіз. Осылайша отандық ғылымның жетістігін дәріптеуді көздеп отырмыз. Әзірге мақаланың қай уақытта, қандай журналда жарияланатыны белгісіз. Себебі бұл бірнеше ай уақытты талап етеді.

Ел билігі вакцина шығаруға бар мүмкіндік жасап отыр дейді ғалымдар. Тек вакцинаны дайындайтын білікті мамандар тапшы. Биологиялық қауіпсіздік проблемаларымен айналысатын кадрларды зертханаларда шыңдау қажет дейді. Ал Қазвак жыл соңына дейін халықаралық ЖМП сертификатын алмақ.

Айнұр Қуатқызы