Елорда мектептерінде жастарды ғылымға ынталандыратын жаңа жоба басталды

Елімізде жастарды кітап оқуға, ғылым-білімге ынталандыру үшін «Жас қаламгер» оқу мектебі жобасы елорда мектептерінде өз жұмысын бастады.

Балалар мен жасөспірімдер оқуын қолдау жылы аясында қолға алынған әлеуметтік бағдарламаның мақсаты - сауаттылық арттыру, бәсекеге қабілеттілікті қалыптастыру, танымдық-шығармашылық белсенділікті дамыту, заманауи білімді тереңдету және Абай мұрасы арқылы баланың ой-өрісін кеңейту. «Жас қаламгер» оқу мектебі 5 бағыт бойынша жұмыс істейді. Олар: «Драматургия мәдениеті», «Әдебиет әлемі – проза жанрында», «Тіл шеберлігі және поэзия», «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы», «Ғылым тап - Файнд Ссайнс (Find science). Соңғы аталған бағытта балалар Абай шығармалары арқылы ағылшын тілін үйренеді.

Ернат Мелсұлы, «Ғылым тап – find science» жобасының авторы:

– Мысалы ғылым деген Science деп аталады. Мақтану деген to boast деген мағынасы бар. Жекелеген сөздерді үйренеді. Мұнда мағыналық аударма жасауға тырыспайды бала. Егер мағыналы аударма жасаса, ағылшын тілінде Абайдың ойын өзгертіп бұрмалап жіберуі мүмкін.

Гүлзейнеп Пазылова, ҚР МСМ мәдениет комитеті басқармасының басшысы:

– Бұл елдің ішіндегі мынау ортасындағы талантты балаларды мектеп жасынан тәрбиелеу. Оларды іздестіру. Білікті танымал қаламгер, ақын-жазушыларымыз оқушыларды бала күнінен баулып, оларға тиісті бағыт-бағдар көрсетіп, жүген сілтеп, жаңағы мақсатымыздың барлығы да осы.