Семейлік мұғалім халықаралық жүлдені ұтқан жағдайда 1 млн долларға ие болады

Қазақ мұғалімі әлемнің үздік 50 ұстазының қатарынан табылды. Халықаралық сында білімі мен біліктілігін дәлелдесе, семейлік педагог 1 миллион долларға ие болады. 

Асхат Жұмабеков Семейдегі Назарбаев мектебінің мұғалімі. Global Teacher Prize аталатын жаһандық сыйлықтың финалисі атанып, үздіктердің тізіміне қосылды. Бұл тарихи оқиға. Бұрын-соңды елімізден бір де бір педагог аталған сыйлыққа үміткер болмаған. Атап өтейін Global Teacher Prize Нобель сыйлығының баламасы. Ұстаздарға ғана беріледі.

Асхат Жұмабеков, Семей қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің физика пəні мұғалімі:

- Меніңше, заманауи мұғалім əрқашан ізденіс үстінде жүріп, өзін жетілдіріп отыруы керек. Оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуына жағдай жасауы қажет.  Ұстанымым да осы. Яғни балаларды зерттеу арқылы оқыту. Сабақтарымды тәжірибе негізінде өткізуге тырысамын.

Асхат Жұмабеков физика пəнінің мұғалімі. Тек балаларға білім бероумен ғана шектеліп жүрген жоқ. Жан-жақты. Ресей және фин ғалымдармен бірлесіп, мүмкіндігі шектеулі балаларға инклюзивті білім беру монографиясын әзірледі. Мұнымен қоса ядролық қауіпсіздікті де зерттеп келеді. Өзі Невада-Семей қозғалысының мүшесі.

Гүлнар Қайырханова, Семей қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі директорының орынбасары:

- Асхат Жұмабеков өзін ғана жетілдіріп қоймайды. Соңынан оқушыларын да ерте отырып, оларды ғылымға баулиды. Осынысымен де ерекшеленеді. Асхат Советханұлының шәкірттері республикалық, халықаралық байқаулардың, түрлі деңгейдегі олимпиадалардың жүлдегерлері.

Кейіпкеріміз қазір оқушыларын халықаралық емтиханға дайындап жатыр. Ілім-біліммен сусындап, биікке ұмтылған өрендерінің бұл сыннан да сүрінбей өтеріне бек сенімді. Ал өзге елдердің педагогтарынан озық екенін дəлелдеп,  халықаралық сыйлықтың жеңімпазы атанса Асхат Жұмабеков 1 млн долларға ие болады.