Алматыда «Назарбаев Университетінің» кампусы ашылады

Алматыда «Назарбаев Университетінің» жасанды интеллект бағытындағы кампусы ашылады.

Бұл туралы Елбасы университет президенті Шигео Катсумен кездесуінде мәлімдеді. Басқосуда «Назарбаев Университетінің» 10 жыл ішінде қол жеткізген басты жетістіктері мен жоғары оқу орнын одан әрі дамыту стратегиясын жүзеге асыру барысы талқыланды.

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

- «Назарбаев Университетінің» негізі 2010 жылы елдің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қаланды. Қызметі дербес және академиялық еркіндік қағидаттарына негізделген елдегі алғашқы оқу орны. Негізгі мақсаты - әлемдегі озық университеттермен теңесу. Бағытынан жаңылған жоқ. Небәрі он жылда ТМД елдерінің ішінде үздік ондыққа енді.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Атқарылған жұмыс, жеткен жетістік аз емес. Бірақ кідіруге болмайды. Секунд сайын жаңарған мына заманға ілесу үшін тың технологияны меңгеру керек. Елбасы оқу орнын әлемдегі озық университетке айналдыру жолдарын айтты. Соның ішінде жасанды интеллект технологиясын дамыту мен қолдану саласындағы жобаларды жүзеге асыруға назар аударды.

10 жыл бұрын Елбасы Университетті басқару ісін Шигео Катсуға сеніп тапсырған еді. Тәжірибелі маман үдеден шықты. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев оған алғысын білдірді. Өз кезегінде Ш.Катсу университеттің 2018-2030 жылдарға арналған стратегиясының негізгі индикаторларына қол жеткізілгені туралы баяндады.

Шигео Катсу, «Назарбаев Университеті» дербес білім беру мекемесінің Президенті:

- «Назарбаев Университеті» «Болашақ» бағдарламасына балама ретінде салынды. Негізгі мақсат - Қазақстанда әлемдік деңгейде білім беретін оқу орнын құру болды. Егер жастарға өзге мемлекетте алатын білімді өзімізде беретін болсақ, экономикалық жағынан да тиімді еді. Елбасы бізге білім дарынды жастарға бірдей қолжетімді болсын деген нақты тапсырма берді. Біз соны мүлтіксіз орындауға тырыстық. Енді цифрлық технологияларға қатысты жаңа бағытымыз айқындалды. Болашақта жасанды интеллектті кез келген саладан кездестіреміз. Сондықтан осы бағытта жас мамандарды даярлау маңызды. Әрине, Алматыда ашылатын кампус біздің өзге қаладағы алғашқы бөлімшеміз болады. Болашақта кеңейе үсеміз деген сенімдемін.

Бүгінде «Назарбаев Университетінде» 6,8 мыңнан астам студент білім алады. Ашылғаннан бері 5 мыңнан астам ғылыми мақала жарық көріп, 300 ғылыми жоба жүзеге асты. Ғылыми зерттеулердің сапасы бойынша Еуразия кеңістігіндегі 10 үздік жоғары оқу орнының қатарына қосылып, құрлықтағы жетекші университеттерге бәсекелес болып отыр.

Авторы: Талғатбек Әбдіқожа