Қазақстанда студенттік жатақхана жетіспейді

Елде студенттерге жатақхана жетіспейді. 2022 жылға дейін 75 мың орын болатын жатын үйлер салынуы тиіс еді. Алайда меже орындалмады. Уақыты тағы ұзартылды. Мәселе қалай және қашан шешіледі?

Елде жатақхана жетіспейді. Депутат Елнұр Бейсенбаев айтады. Колледж, жоғарғы оқу орындарын қоса есептегенде бізде ұзын ырғасы 1 миллион 100 мың студент бар.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- 1 млн астам студенттің 16 проценті жатақханамен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда Қазақстанда 175 мыңнан астам орынға жатақхана бар. Бір ғана мысал келтірейін, Қазақ ұлттық педагогикалық университеті осыдан 4 жыл бұрын шамамен 4,5 мың болған студенттердің саны қазір 16 мыңнан асты. Жатақхананың орыны 1300 ғана. 8 проценті ғана жатақхана бар. Ал 16 мың студенттің 11 мыңнан астамы өзге аймақтардан келіп оқитын студенттер. 

Әлемдік тәжірибе бойынша кемінде студенттердің 25 проценті жатақханамен қамтамасыз етілуі керек. Осыны ескеріп 2018-де Елбасы 2022 жылға дейін елде жалпы саны 75 мың орын болатын жатақхана салуды тапсырған. Бәрі болмаса да салынған. 

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Оның ішінде жаңа жатақханалардың саны өте аз. Ал олар 30 мыңнан астам орынды реконструкция жасадық дейді. Мен депутат ретінде де айттым, реконструкция ол жаңа жатақхананың орыны емес. Біз онымен келіспейміз. Бірақ, оларда Үкіметітң шешімі бар, белгіленген нормативтерге ұсыныс жасайды, реконструкция деген не дейім де мен. Реконструкция деген әрине екі қабат жатақхана болып, оны 9 қабат қылып көтеріп, 100 орынды 500 орын қылатын болса онда көңіл көншітерлік нәрсе. Ал бізде қалай? 500 орынды алады да 550 орын қылады да, реконструкция қылады да жаңа орын деп жазады.

Бұл 1990 жылдардың орта тұсында елордада болған алғашқы қонақүй. Мұнда кезінде билік басындағы адамдар, парламент депутаттары тұрған. Ал екі жарым жыл бұрын студенттердің жатақханасына айналды. Еуразиялық ұлттық университетінде білім алушыларға жатын жер болмаған соң оқу орнының басшылығы қонақ үйді жалға алған. Қазір 400 студент тұрады. 

Жеңіс Қыдыров, қонақүй директоры:

- Пандемияға байланысты бұрын бір бөлмеде 4,5 адам тұратын болса, қазір стандартқа байланысты бір бөлмеде 2 адам, 1 адамнан тұрып жатыр. Соған байланысты 1, 2-курстарды әрең қамтамасыз етті. Ол кісілердің өздерінің 7 жатақханасы бар. Қазіргі таңда бізден арендаға алып отыр. 400 баласы тұрады осында. Әлеуметтік аз қамтылған, мүгедектер, жетім балалар. Сондай балаларды қамтамасыз етіп отыр.

Жоғарғы оқу орны бұл жерді жатақхана есебінде жалға алып отырған соң қонақ үй басшылығына бір студентке 20-30 мың теңге төлеп тұрады. Жеңіс Қыдыровтың Павлодар, Қостанай, Өскеменде де қонақ үйлері бар. Ол жақта да бизнес нысандары студенттер үйіне айналған. 

Дильназ Кашкинбаева, студент:

- Өзім БҚО Орал қаласының тумасымын.  Бұл енді қонақ үй болса да студенттерге тиісті жағдай жасалған. Мұнда біз екі семестрге бөліп төлейміз. Яғни бір семестрде бағасы деген 90 мың. Екінші семестрде 90 мың. Бірақ та студенттерге ауыртпалық болмас үшін олар ең алдымен бір семестрге төлеп алып тұруға мүмкіндік берген еді.

Жатақханаға айналған қонақ үйді бекерге мысал етпедік. Білім және ғылым министрлігіне қарасты Қаржы орталығы 2018 жылы осы бағытта арнайы механизм әзірлеген. Мысалы, кез келген адам немесе оқу орыны жатақхана салатын болса құрылысқа кеткен шығынды мемлекет өтеп береді. 

Алпамыс Сатыбалдин, ҚР БҒМ Қаржы орталығының ілгерілету және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры:

- Ол үшін жатақхананы өзінің есебінен салады кәсіпкер немесе оқу орыны. Оған әрбір орынға егерде жаңа ғимарат салынатын болса 122 АЕК төленеді, яғни 375 мың теңге. Ал егерде бар ғимаратты мысалы, қонақ үй болды жатақхана қылып реконструкция жасайтын болса нысаналы мақсатын өзгертетін болса онда 47 АЕК төленеді Қазақстан бойынша. ОЛ 137 мың теңге жылына бір студентке.

Біз барған қонақ үй қаржы орталығымен әзірге ешқандай келісімге отырмаған. Университет ғана жалға алып отырғанын айттық. Ал егер жеке кәсіпкер немесе оқу орыны жатақхананы өз есебінен салатын болса мемлекет әрбір орынға 8 жыл бойы ақша төлейді. Қазір құрылыс материалдары қымбаттаған соң төлем уақыты 8 жылдан 10 жылға ұзартылып жатыр. Бұл бизнес өкілдерін ынталандырудың жолы. Бір анығы 2022-ші жылға дейін елде 75 мың орындық жатақхана салына қоймайды. Енді? Енді уақыт 2022-ден 2025-ші жылға дейін ұзартылды. Сөйтіп, тапшылық бірте-бірте жойылмақ. Оған дейін бұйырғаны Дильназ сынды жатақханада тұрады. Ал бұйырмағаны қымбат болса да пәтер жалдайды. 

Қорған Қонысбайұлы, Ербол Дайыров, Ержан Рахманбердиев