Алматы облысында балаларға ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын орталық ашылды

Енді Қарасай ауданындағы мыңнан астам оқушы Шекспир тілін қалаға қатынамастан меңгереді. Баланың қызығушылығын арттыру үшін шетелдік ұстаздар арнайы шақырылды.

Қаскелең қаласында ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын оқу орталығының жаңа ғимаратының ашылуын аудан халқы көптен күткені анық. Өйткені ескі ғимарат тар еді. Жалпы аумағы 1600 шаршы метр болатын орталықта бір ауысымда 500 бала сабақ оқуға мүмкіндік жасалған. Аудан тұрғыны Айнұр Разапбергенованың қыздары осы жерден қосымша біліп алып жүр.

Айнұр Разапбергенова, ауыл тұрғыны:

- Керемет ұнап жатыр. Біз бір жарым жылдан бері қатысамыз, екінші қызымды да алып келдім. Деңгейі өте керемет. Бір жарым жылда біз интермедиат уровеніне жеттік.

Ағылшын тілін меңгеру заман талабы. Мектептегі барлық сабақ тек осы тілде өткізіледі. Балалар тілді тез меңгеру үшін шетелден келген ұстаздар дәріс береді. Бұдан бөлек орталықта қазақ, орыс тілдерімен қоса математика пәні де тереңдетіліп оқытылады.

Айгүл Тәңірбергенова, оқу орталығының директоры:

- Бұл мектепте мыңнан аса баланы қамтимыз деген ойымыз бар. Оны енді әлі алдымызда уақыт көрсетеді. Енді ағылшын тілінің қаншалықты балаларға керектігін оны айтпаса да әркім түсінеді деп ойлаймын. Заманның талабы болғандықтан ғылымның, ілімнің, білімнің тілі қазір ағылшын тілі. Әлемдік тіл болғандықтан ол ауылдың балаларына. Тек ғана қаланың балаларына емес ауылдың балаларына қолжетімді болуы керек деп өзіміз ұғамыз. Сондай болу керек.

Сабағын үздік оқыған оқушылар білім олипиадасына қатысып, Ұлыбритания мен Малайзияға баруға мүмкіндік алады. Оқу орталығының жаңа ғимараты кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік «Жол картасы-2025 » бағдарламасының қаржылық қолдауы арқасында ашылылды. Жалпы қазіргі кезде Қарасай ауданында үш мемлекеттік мектептің құрылысы жүріп жатыр. 

Алмас Садуақас, Радик Жақыпов