Қазақстанның ядролық физика институтында ауқымды ғылыми форум ашылды

Қазақстанның ядролық физика институтында ауқымды ғылыми форум ашылды.

Пандемияға байланысты ұзақ үзілістен кейінгі халықаралық басқосуға әлемнің 12 елінен 40-қа жуық ғалымдар мен мамандар келді. Басты мақсат - іргелі ғылымдағы байланыстарды қалпына келтіру.

Мамандандырылған институтта 4 күн бойы өтетін халықаралық форум «Ядролық ғылым мен технология» деп аталады. Еліміздегі іргелі ғылыми мекеме бір жылға жуық іс жүзінде жұмыс істемеді. Бұл, маңызды сала үшін үлкен үзіліс. «Сондықтан, оны қалпына келтіретін уақыт келді»,- дейді ғалымдар. Халықаралық бағдарламаларды жүзеге асыруда жүзбе жүз кездесудің маңызы зор.

Батыржан Қаракөзов, ҚР ядролық физика институтының бас директоры:

– Соңғы жылдары офлайн кездесулердің болмауы ғылымның дамуына айтарлықтай әсер етті. Дегенмен, онлайн конференциялар өтіп тұрды. Биыл жиынды аралас форматта ұйымдастырдық. Форумға осы саланың 200-ден аса ғалымы қатысуда. Атом энергетикасы, ядролық физикаға қатысты ғылыми зерттеулер талқыланбақ.

Форум бағдарламасы бойынша 5 секция жұмыс істейді. Онда ядролық және радиациялық физика, материалтану мен радиациялық экология мәселелерін талқылау жоспарланған. Сондай-ақ, Қазақстанда атом энергетикасын дамытудағы ғылыми ізденістер форумның өзегіне айналмақ. Атап айтқанда, ядролық реакторлардың қауіпсіздігі басымдыққа ие. Бұл ретте біздің мамандардың тәжірибесі бар. Мәселен, соңғы жылдары Жапонияда салынатын реакторларға арналған материалдар Қазақстанның қысымды су реакторында сынақтан өтті. Әрине, бірінші кезекте маман даярлау мәселесі талқыланды. Бұл, атом электр стансасын салуды жоспарлап отырған Түркия мемлекеті үшін маңызды.

Исмаил Бостосун, Akdeniz университетінің профессоры:

– Біз Қазақстан студенттерін Түркияда тәжірибеден өткіземіз. Форумда жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін даму мен ынтымақтастықтың тиімді жолдарын қарастырамыз.

Ядролық физиканың іргелі мәселелерінен басқа, конференцияда қолданбалы зерттеулер саласындағы жобаларды талқылау да жоспарланған. Атап айтқанда, радиациялық медицина саласындағы жетістіктер. Біздің мамандар шетелдік әрітестерінің назарына натрий йодид 131 радиофармацевтикалық препаратының Қазақстандағы алғашқы клиникалық қолданылуы мен өндірісі туралы ақпаратты ұсынады. Бұл препарат қазірдің өзінде онкологиялық аурулар мен қалқанша безі ауруларының радионуклидті терапиясында белсенді қолданылады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Григорий Беденко, Радик Джакупов