Сыр ғалымдары Паркинсон ауруын емдейтін препарат жасауға атсалысады

Еуропа ғалымдары Альцгеймер және Паркинсон ауруына дауа болатын дәрі-дәрмек жасауға талпынып жатыр. Бұл зерттеулерге Сыр өңірінің химиктері де қатысады. Отандық мамандардың Еуродақтағы «Көкжиек-2020» гранттық бағдарламасына ұсынған жобасы жеңімпаз атанды. Бұл – өңір тарихында ғылым саласы бойынша Тәуелсіздік жылдарындағы ең ірі жетістік деп айтуға болады. 

Сыр өңірі жыл сайын 80-85 мың гектар жерге күріш егеді. Одан мыңдаған тонна мынадай сабан қалады. Ол далада жатып өртке оранады. Ал ғалымдар бұл  сабаннан қағаз жасайтын циллюлозы мен болашақта көлік қаңқалары  үшін пайдаланатын көмірпластик сияқты серпілгіш материалды жасаудағы маңызды шикізат екенін айтып отыр. Осылайша біз қоқыс деп елей бермейтін көп нәрсені құнды дүниеге айналдыруға болады екен. Ол үшін ғылым керек, мықты ғалым керек.

Сәкен Қанжар, студент:

– Болашақта сұраныс көп болады. Себебі бұл шетелдік проектілер бар ғой, зымырандар құрастырып жатқан, сол зымыранның ұшқы бөлігі углепластиктен құралады. Өйткені ол үлкен температураға төзімді болады, зымыран ұшқанда ауамен жанасып өте қызады ғой қатты температурады. Соған төзімді және өте мықты, берік материал болып табылады.

Бұл – 2009 жылы Елбасының тапсырмасымен елімізде ашылған 15 инженерлік бейіндегі озық технологиялы зертхананың бірі. Содан бері жас мамандардың теориялық білімін тәжіребиемен ұштастыруға жол ашып келеді. Нұрбол Аппазовтың да қара алтын қалдығын қайта өңдеудің тиімді әдісі осы жерде сынақтан өтіп, өндіріске енген болатын.

Нұрбол Аппазов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры:

– Біздің технология бойынша Германияда қондырғы әзірленіп, өндірістік базада мұнай қалдықтарын өңдеу бойынша жұмыс атқаруда. Бізге дейінгі технологияларда алынған мұнайдың бағасы бірнеше есе жоғары болған. Сол себепті біз  экономикалық, экологиялық тұрғыдан да тиімді жолын ойлап тауып, соны өндіріске енгізіп, қолдау табуда.

Өңір тарихында өндіріске енген әзірге бұл жалғыз ғылыми жаңалық. Дегенмен, жетістіктер мұнымен түгесілмейді. Әлемде әлі де емі табылмаған Альцгеймер және Паркинсон ауруларын емдейтін препаратты жасау жолындағы зерттеулерге де Сыр елінің мамандары үлес қоспақ.  Олар Еуроодақтың жүз мың еуродан асатын қомақты грантын ұтып алған. Ал жобаның негізі - шөлді аймақтарда өсетін жантақ шөбі болмақ.

Нұрбол Аппазов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры:

– Жергілікті түйжантақ шөбінен осы биологиялық белсенді қосылыстарды алу бойынша және әртүрлі ауруды емдеуге пайдалану бойынша біздің зерттеулеріміз жүргізілген болатын. Мен айтып өткен нанобөлшек адамға кері, жанама әсерлерін болдырмай, қажетті жерге өте жоғары белсенділікпен емдеуге мүмкіндіктер бар. Осы бағытта біз Қазақстан, Португалия, Нидерланды, Дания, Украина, Белоруссия және Ресей ғалымдары бірігіп, үлкен консорциум негізінде осы жобаны ұтып алдық. Қазақстандық бөлігін біз атқаратын боламыз.

Күрішті өлкенің ғалымдары тәуелсіздік жылдарында басты дақылдың 8 түрлі жаңа сұрпын ойлап тауыпты. Бүгінде соның екеуі – «Әйгерім» мен «Сыр сұлуы» жаппай өндіріске еніп кетті.

Құрманбек Бәкірұлы, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:

– Дүниежүзілік тәуір сорттардан кем емес. Технологиялық қасиеттері жоғары. Дәндері ірі. Ерте пәсетін күріштердің ішінде жақсы өнім беретін деп есептейміз.

Бұл Тәуелсіздік жылдарындағы Сыр елінің ғалымдары қол жеткізген ірі жетістіктердің бір парасы. Сандарды сөйлетсек, соңғы 3 жылда халықаралық  журналдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ғалымдарының 226 мақаласы жарияланып, 60 патент алынған. Демек осыншама өнертабыс халықаралық деңгейде мойындалды деген сөз. Алдағы 5 жылда 13 жобаны коммерцияландыру жоспары да аймақ дамуының межелі мақсаты болса керек. 

Гүлмира Абызбекова, Химия ғылымдарының кандидаты:

– Химия және биологиялық зерттеулерді жүргізуге арналған алдыңғы қатарлы приборлар бар бұл жерде. Әсіресе экологиялық бағыттағы зерттеулер – судың,топырақтың, ауаның ластануын, өсімдіктерді өңдеудің түрлі заманауи әдістері бар. Соларды жасай алады. Ғылым мен білімнің интеграциясын жасауға үлес қосамыз деп ойлаймыз.

Соңғы 10 жылда өңірде Президенттік, халықаралық және республикалық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жоба байқауларынан 491 оқушы жүлделі орындарды иеленген. Тыңнан түрен салуға егемен елдің еркін ұрпағы да ынталы екенін байқаймыз.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов