100 жаңа оқулық қазақ тіліне аударылды

Әлемнің үздік оқулықтары мен түрлі жанрдағы кітаптары ана тілімізге аударылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған 100 оқулық таныстырылды. Елордада өткен іс-шараға Мемлекеттік хатшы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Қырымбек Көшербаев қатысып, жобаға ерекше баға берді. Әрі Ұлттық комиссия атынан бірқатар тапсырма жүктеді. Соның ішінде латын графикасына кезең-кезеңмен өту жоспары аясында осы 100 оқулықтың электронды мәтіндері жаңа алфавитте жариялануы керек екенін баса айтты. Айта кету керек, аударма жұмысын «Ұлттық аударма бюросы» ұйымдастырды.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Кембридж, Оксфорд, Гарвардтың үздік оқулықтары қазақша сөйлейді. 100 жаңа оқулықтың әрқайсысы 10 мың данамен басылып шыққан. Қазақ тіліне аударылған кітаптар еліміздің жоғары оқу орындарына тегін таратылды.

Енді еліміздегі университет студенттері әлемнің үздік оқулықтарын қазақша оқиды. Ал, электронды нұсқаларын «Қазақстанның ашық университеті» порталынан еркін қолдануға болады. «Ұлттық аударма бюросы» 100 кітапты 4 жылда толық тәжімалап болды. Аударма жұмыстарына ғалымдар, тәжірибелі аудармашылар, тілшілер мен әдебиет редакторларынан ұзын-ырғасы 300-ден аса маман қатысқан. Осы тұста Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев бұл Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған ілкімді жобаның бірі  екенін атап өтті.

Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

- Дүниедегі ең озық оқу орындарының бағдарламасына кірген ғылыми әдебиет, академиялық бестселлер еңбектер қазақ тіліне аударылды. Олар бұған дейін әлемнің ондаған тіліне аударылып, ілгері дамыған қоғамдарда миллиондаған тиражбен тараған. Біздің де оқытушылар мен студенттердің осындай мазмұнға қол жеткізуі – үлкен олжа. Бұл қажет десеңіздер, «Болашақ» бағдарламасының ауқымы кең жалғасы. «Болашақ» бағдарламасының арқасында біздің 20 мыңдай студентіміз әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінде білім алды. Ал енді өз елімізде оқитын жарты миллион қазақстандық студент сол Кембридж, Оксфордтың, Гарвардтың үздік оқулықтарымен қазақ тілінде білім алады.

Молдияр Ергебеков – «Кино өнеріне кіріспе» кітабын аударуға атсалысқан авторлардың бірі. Ол оқулықтың ғылыми терминологиясына жауап берді. Айтуынша, бұрын осы саладағы кітаптарды тек өзге тілде оқығаннан басқа амал болмаған.

Молдияр Ергебеков, PHD докторы:

- Бұл кітап қазірге дейін Американың өзінде 16 рет басылып шыққан. Оқыған адамның киноны әлдеқайда дұрыс түсінуіне ықпал етеді. Осылайша, сауатты кино көрермен қалыптастырады. Сапаның арттыруына ықпал етеді.

Кең көлемді аударма жұмысы қазақ тілін халықаралық ғылыми лексикамен байытып қана қоймай, ғылыми терминологияны дамытуға зор мүмкіндік берді. Студенттердің заманға сай білім алуына жағдай жасады. «Тәржімаланған кітаптар гуманитарлық білім саласы мазмұнын түбегейлі жаңартуға жол ашты», - дейді мамандар.

Рауан Кенжеханұлы, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының директоры:

- Қазақстанда аударылуы тиіс кітаптардың тізімін қарадық. ЖОО өздеріне гуманитарлық бағытта аударылуға тиіс кітаптар тізімін берді. Жалпы саны 800-дей оқулық келді. Оның ішінен іріктеп, жыл сайын 20-30 кітаптан бекітіп берді. Олар ұлттық комиссияда қаралып бекітілді. Егер біз өзге тілден бағыт ғылыми мазмұн алып кеп жатсақ, әлеммен өз мәдениет әдебиетімізді көрсетіп жатырмыз.

Қазақ тіліндегі «100 жаңа оқулық» жобасымен қатар қазақ жазушыларының шығармалары 6 тілге тәржімаланды. Ал, ғұлама Абай ақынның жинақтарын жаһан жұрты 10 тілде емін-еркін оқи алады. Себебі, ақынның шығармалары 90 елдің кітапханасына жол тартты.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Нұрғали Мамырбай