426,32 496.50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Білім министрі Қостанай облысындағы мектептерді аралады

  • 99
  • UPD: 10:03, 29.09.2021
Білім министрі Қостанай облысындағы мектептерді аралады

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қостанай облысына жұмыс сапарымен барды.

Бұл туралы ол фейсбук-парақшасында жазды.

«Бүгін жұмыс сапары барысында Қостанай облысындағы мектептерге бардым.

Мичурин ауылдық мектебі директорының белсенділігі және оның білім беру ұйымы жайлы, оқу үрдісі туралы қызығушылықпен айтып бергені қуантты. Директор жыл сайын мектеп көбірек қаражат алатынын айтты. Мәселен, биыл «Nur Otan» партиясының бағдарламасы шеңберінде мектепті модернизациялауға қосымша қаржы бөлінген.

Сапар барысында әріптестеріммен де әңгімелестім. Мұғалімдер жаңа оқу жылының ерекшеліктері туралы айтып берді. Олар 45 минуттық сабаққа оралу мәселесіне оң баға берді. Өйткені педагогтер бұл уақытты өткен материалды қайталауға және оқушылардың біліміндегі олқылықтардың орнын толтыруға жұмсайды. Мұғалімдер білім алушылардың офлайн форматтан кейін дәстүрлі оқу процесіне қайта бейімделулеріне эмоционалдық тұрғыда қолдау көрсету үшін бар күш-жігерін жұмсап жатыр.

Сондай-ақ бастауыш сыныпта оқитын бүлдіршіндермен әңгімелестім. Олар онлайн оқу форматы ыңғайсыз болғанын, ал бүгінгі таңда мұғалімдерімен қауышып, сыныптастарын көргендеріне және дәстүрлі форматта білім алып жатқандарына қуанышты екендерін айтты.

Оқу кабинеттерін аралап шыққаннан кейін бейнебақылау камералары мен дабыл батырмаларының жұмысын тексердім.

Сонымен қатар қаладағы №27 орта мектебіне бардым. Оқу кабинеттерін аралап, ұйымның материалдық-техникалық жабдықталуымен, мектеп кітапханасымен таныстым. Ұстаздармен және оқушылармен әңгімелестім. Сонымен бірге білім беру ұйымдарының және облыстағы аудандық білім бөлімдерінің басшыларымен кездестім.

Екі сағат көлемінде педагогтер, мектеп және колледж басшылары директорларды тағайындау ережелеріне, ротациялауға, мұғалімдерді жұмысқа қабылдауға, білім беру саласында вертикалды басқару жүйесін енгізуге қатысты сұрақтар қойды. Мұғалімдерді қайта даярлаудың маңыздылығы және тірек (ресурстық) мектептердің бекітілген білім беру ұйымдарымен өзара байланысындағы қиындықтар, ауылдық мектептерде жан басына қаржыландыруды енгізу қажеттілігі туралы айтылды. Колледж қызметкерлері академиялық еркіндік, колледждер мен жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларын синхронизациялау мәселелерін көтерді. Сондай-ақ колледжден кейін студент білім алу үрдісін жоғары оқу орнында жалғастырған кезде оның колледждегі нәтижелерінің жоо-да ескерілуі сынды сұрақтар талқыланды.

«Оқуға құштар мектеп» жобасы облыста белсенді жүзеге асырылып жатқанына, сондай-ақ көркем әдебиет сатып алынғанына, мектеп кітапханаларының модернизацияланып жатқанына риза болдым», – деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Хабар 24 телеарнасы