425,71 496.50 6.00
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Еліміздің үздік мұғалімдері ұлықталды

  • 130
  • UPD: 15:05, 30.09.2021

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына орай Қостанайда ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Іс-шара барысында ұлы ағартушының мұрасын зерделеу мен насихаттау тұрғысында пікір айтылды. Сонымен қатар еліміздің үздік педагогтері ұлықталды. Байқау жеңімпаздарына сыйақы берілді. Мұндай марапатқа 64 мұғалім лайық деп танылды.

Қазіргі білім беруде Ыбырай Алтынсариннің идеяларын сақтаудың маңызы. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға осы тақырып арқау болды. Отандық ғалымдардан бөлек, Түркия, Ресей профессорлары ұлы ағартушының мұрасын талқыға салды.

Асхат Аймағамбетов, ҚР білім және ғылым министрі:

– Ұлы педагогтың идеялары 180 жыл өтсе де өте маңызды. Қазіргі уақытта болып жатқан барлық өзгерістерге жауап беріп отырған идеяларында педагогикалық принциптері бар. Сондықтан алға жылжимыз десек, осы ұлы педагогтеріміздің А.Байтұрсынұлы, Ы.Алтынсарин секілді перзенттеріміздің мұрасын зерттеуіміз керек.

Коференциядан бөлек еліміздің үздік 64 мұғалімі министірдің марапатына кенелді. Бұлардың қатарында Қостанай колледжі шет тілдер кафедрасының оқытушысы Әділжан Бүкенбаев та бар.

Әділжан Бүкенбаев, «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы:

– Біздің колледж білім беруде инновациялық технологияларды пайдалануға басымдық береді. Сайып келгенде осының бәрі конкурсқа материал жинауыма негіз болды. Бұл менің жеңісім емес, мені қолдаған әріптестерімнің, талантты да білімді шәкірттерімнің жемісі.

Білімді дамыту ісінде жаңа әдістемелер мен жобаларды енгізуде қостанайлық педагогтар қашанда алдыңғы қатарда. Олар жаңа «Әліппенің» авторлары, әрі халықаралық және республикалық олимпиадалардың тұрақты жеңімпаздары.

Архимед Мұхамбетов, Қостанай облысының әкімі:

– Аймақ мұғалімдері орта және мектепке дейінгі білім берудің 11 әдістемелік құралын әзірледі. Былтырға қарағанда биыл модератор, сарапшы, зерттеуші педагогтардың үлесі екі есе ұлғайды. Бұл олардың кәсіби шеберлікті арттыруға деген ұмтылысын дәлелдейді.

Сонымен қатар бірсыпыра жоғары және арнаулы оқу орындарының педагогтері Асхат Аймағамбетовпен ашық диалог құрды. Сапар барысында министр Алтынсарин ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы