Digital Ustaz Almaty - 2021 байқауына қызығушылық артып келеді

Тамыз айының соңында басталған тұңғыш қалалық Digital Ustaz Almaty - 2021 байқауына қызығушылық артып келеді. Қазірдің өзінде жобаға қатысуға 2000-нан астам алматылық ұстаз өтініш берген. Байқауға цифрлық біліктілігін арттырғысы келетін мұғалімдер қатыса алады. Үш кезеңнен тұратын жоба барысында педагогтар халықаралық мамандардың сандық технологияларға негізделген шеберлік сабағынан өтеді. Жоба жеңімпазы Финляндияда тағылымдамадан өтіп қайтады.

Жас ұрпаққа заман талабына сай білім беру ұстаздардан үлкен шығармашылық ізденісті талап етеді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің маманы Сұңқар Талғатұлы да шәкірттеріне сапалы білім беруде ізденуден жалыққан емес. Digital Ustaz Almaty - 2021 байқауына да осы мақсатта қатысып жатырмын, дейді жас маман. Бірегей байқау цифрлық ресурстарды пайдалану арқылы кәсіби біліктілікті арттыруға мүмкіндік береді.

Сұңқар Асқаров, қазақ тілі пәнінің ұстазы:

- Цифрлық оқыту - заман талабы. Дижитал ұстаз байқауы дер кезінде ұйымдастырылған байқау. Бұл жоба цифрлық педагогиканың дамуына үлкен серпін береді деп ойлаймын. Қазіргі кезде оқушыларды тек ғана қағаз, қаламмен оқыту қызығушылығын ояту қиын. Балалармен бір толқында болып, сабақ кезінде түрлі цифрлық ресурстарды тиімді пайдалану сабақ сапасын арттырады деп ойлаймын.

Digital Ustaz Almaty байқауы үш кезеңнен тұрады. Қатысушылар үздік мамандардың вебинарларын тыңдап, өздері сабақтар мен шеберлік кластарын әзірлейді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау толығымен әділ өтеді.

Раиса Цай, мектеп директоры:

- Пандемия кезінде қашықтан оқыту барысында ұстаздарға цифрлық сауаттылықтың қажеттілігі туындады. Сондықтан технологияларды басқара білу және оны білім беру процесінде қолдану, сандық жүйеде ақпараттық қауіпсіздік негіздерін меңгеру өте маңызды. 

Жобаны Алматы қаласының әкімдігі, Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім қоры, EdCrunch (Едкранч) заманауи білім беру институты ұйымдастырып отыр.

Айта кетейік, Digital Ustaz Almaty байқауына тіркелу 1 қазанда аяқталады. Ал конкурстық жұмыстарды 4 қазанға дейін жіберуге мүмкіндік бар.

Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов

Сондай-ақ...