Ақтөбелік мұғалім жаһандық сайыста бақ сынайды

Ақтөбелік мұғалім Мират Оспанов «Global Teacher Prize-2022» деп аталатын әлемдік байқауға қатысады. Биыл «Қазақстан ұстазы» ұлттық байқауында үздіктер қатарынан көрінген ол, енді халықаралық сайыста бақ сынайды. Физика пәнінің оқытушысы әзірлікті күшейткен.

Әр пәннің ерекшелігіне үңіліп, жете түсінуді Мират Оспанов мектепте оқып жүргенде бойына сіңірді. Оның мұндай қабілеті кейін мұғалімдік мамандықты тез меңгеруіне септігін тигізді. Әрдайым іздене жүріп, балаларға дәріс беруде жаңа әдіс - тәсілдерді үйренуден жалықпайды. Себебі заманауи технология ғана білім сапасын арттыратынына сенімді.

Мират Оспанов, физика пәнінің мұғалімі:

- Адам өз кәсібін жақсы көруі қажет. Сол арқылы қоғамға пайда тигізуге болады. Күн сайын жұмысқа келгенде елдің келелі келешегіне үлес қосып жүрміз деп ойлаймын. Балалар арқылы болашағымызды жарқын етеміз. Сондықтан алдымен өзімізді өзгертіп, дамытуымыз керек. Тек осылайша үздік мұғалім атануға болады деп есептеймін.

Мират – Қазақстан атынан «Әлем Ұстазы» дүниежүзілік додасына қатысатын он мұғалімнің бірі. Ал Назарбаев зияткерлік мектебінде қызмет еткен алты жыл ішінде ондаған оқушының ғылыми жобаларына жетекшілік еткен. Республикалық және халықаралық олимпиада жүлдегерлері атанған шәкірттері аз емес. Олар оқытушының ерекше қабілетін танып үлгірген.

Айдана Кенжебаева, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:

- Ол әр адамға өзіндік қарым-қатынасын таба алады. Ол мен түсінбеген физикадағы тақырыптарды маған оңай тілмен, өзгеше жол тауып түсіндірген болатын. Осы Мират ағайдың арқасында мен өзімнің болашағымды физика пәнімен байланыстыруды шешкен едім.

Жасы отызға да жетпеген білікті ұстаз әріптестері арасында зор құрметке ие. Оның былтырғы пандемия кезінде жас мұғалімдерді қолдау бағытында ойлап тапқан жобасы қазір де іске жарап тұр.

Ақзат Қауысова, Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі:

- Ол мектепте сабақ беріп ғана қоймай, оқушылармен бірге әртүрлі ғылыми жобалар жасайды және ол жобалар үлкен жоғары, яғни республикалық деңгейдегі конкурстарға қатысып жүлделі орындар алып жүр. Және онымен бірге өзім жеке екі ғылыми жоба жасаған болатынмын. Ол жобалар авторлық құқық алды. 

Мират Оспановтың ұстаздық қызметте жеткен жетістігі аз емес. Бірақ ол әлі талай істің атқарылуы керектігін айтып отыр. Қазір өз мамандығын жетілдіру бойынша магистратураға түсіп, білімін шыңдауда. 

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев