Елордада балалар мектеп пен балабақшаға лай кешіп барады

Білім жолы қиын жол. Елордада балалар мектеп пен балабақшаға лай кешіп барады. Шаһардың қақ ортасындағы бірқатар оқу ошақтарына жол салынбаған. Тұрғындар редакциямызға қоңырау шалып, шағым айтып жатыр. 

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Бұл астанамыздың қақ ортасындағы 73 балабақшаның маңайы. Мұнда бала түгілі үлкен кісінің өзіне жүру мұң екен. Пайдалануға берілген 8 жыл бойы асфальт салынбапты.

Бас шаһардағы балабақшалардың біріне барар жолдың сиқы осы. Жаңбыр жауса айналасына көлшік орнап қалады. Балабақша әкімшілігі мен ата-аналар бірігіп, әкімдікке талай хат жолдап, хабарласыпты. Алайда құлақ асар ешкім жоқ.

Ұлжан Темірова, директордың әкімшілік-шаруашылық бөлім жөніндегі орынбасары:

- Біз әкімдікке бірнеше рет хат жаздық. Бірақ бір де бір рет жанайқайымызға жауап қатпады. 2013 жылдан бері осы. Балабақшаға келетін бүлдіршіндер жаңбыр жауса су кешіп, батпаққа батып қиналып әзер жетеді.

Ал Сағадат Нұрмағамбетов көшесі бойындағы аядай жолдың жөнделмей жатқанына 6 ай болды дейді тұрғындар. Мұнда көлік жолы да, жаяу жүргінші жолағы да аяқсыз қалған. Аялдамаға дейін тар жолда тайғақ кешіп әзер жетеміз дейді. 

БЛИЦ:

- Мынау С.Нұрмағамбетов көшесі, Айнапкөлден Балқантауға дейінгі жол жоқ. Мамыр айанан бастап тұрып жатырмыз жол жөнделмеді. Жасап жатқан техника да, адам да жоқ. Балаларымыз мектепке батады. Күнде лайға белшесінен батып келеді. Түнде тас қараңғыда балаларымыз да қиналып бітті.

- Күнде жүрем осы жолмен. Басында жасап жатқан сияқты болған. Қазір жұмыс тоқтатып қойды.

- Баламен жүру өте қиын. Баланы мектептен таңертең апарғанда, кешкісін әкелгенде осындай лаймен жүріп барамыз. Мына жерде су үнемі. Баланы көтеріп өтеміз. 

Міне бұл бас қаладағы тағы бір білім ошағы маңындағы көрінісі. Мектепке кіреберіс жолдың бәрі жыраға айналғандай. Тұрғындар баласын мектепке жалғыз жіберуге жүрексінеді. Себебі мынадай ойық шұңқырға абайсызда тайып кете ме деп қорқады.

БЛИЦ:

- Әсіресе балалар мектептен кеш шыққанда қорқамыз. Қараңғыда бір бірін итеріп, осы шұңқырға құлап кетсе не істейміз?

- Менің балам бірінші сыныпқа барады. Дәл осы жермен жүреді. Мектеп маңындағы мұндай жұмыстарды жазда істеп қоймай ма?

Ал құбыр тартып жатқан мердігер компания 28 мектеп маңындағы жөндеу жұмыстарын осы айдың соңына дейін аяқтаймыз деп отыр.

Владислав Карелин, компанияның техникалық директоры:

- Қазір бізге де, маңайындағы тұрғындарға да оңай емес. Алайда тездетіп құбырларды салып біту керек. Су және жылу құбырларын тартып аяқтап қалдық. Осы айдың соңына дейін бітіреміз деп ойлаймын. 

Жолдың жырына жауап іздеп әкімдікке де хабарластық. Әзірге жауап жоқ. Тұрғындар жергілікті биліктен әлі де үмітті. Ал бұл жолдар қысқа дейін жөнделмесе, көктайғақта балаларға қиын болайын деп тұр.

Айнұр Қуатқызы, Асхат Қарақойшы