426,32 496.50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қазақстанның ғалымдары Франциядағы термоядролық реактор құрылысына қатысып жатыр

  • 95
  • UPD: 09:59, 11.10.2021

Жыл сайын тек Қазақстанда емес, бүкіл дүние жүзінде электр энергиясына деген сұ­ра­ныс артуда. Осы ретте отандық ғалымдар әлемдегі ең ауқымды ғылыми тәжірибе - термоядролық реактордың құрылысына қатысып жатыр.

Тер­моядролық энергия көзі өн­діретін қуат қазіргі электр энергиясы беретін қуаттан әлдеқайда күшті! Сол себепті бұл бастама көптеген мемле­кет­тің қызығушылығын туғызды. Бастысы, бұл қуат көзінің таусылмас қайнары. Және қоршаған ортаға зияны жоқ, қалдықсыз жасыл технология екен.

Францияның оңтүстігіндегі бұл құрылыс алаңы 40 гектар ауданды алып жатыр. Мұнда адамзат тарихындағы ең қымбат ғылыми жобаның бірі іске асуда. Қазірдің өзінде термоядролық реакторды салуға 20 млрд еуродан аса қаражат жұмсалды. Оған әлемнің ең ірі 35 экономикасы біріккен. Арасында АҚШ, Қытай, Үндістан, Ресей мен Еуроодақ бар. Бұл шеберханада болашақ реактордың бөлшектерін орнатуға дайындайды. Олардың тек шағын бөлігі осында жасалады. Негізінен бөлшектерді жобаға қатысушы елдер шығарып, осында жеткізіп тұрады. Мәселен, осы вакуум камера жақында Оңтүстік Кореядан әкелінді. Ал оны қазақстандық бериллийден жасалған қорғаушы қабықпен қаптайды. Алып құрылғының құрылысы осыдан 10 жыл бұрын басталып, тағы 4 жылға жалғасады. Тек 2025 жылдың соңында оны іске қосу көзделіп отыр.

Ален Бекуле, ITER бас инженері:

- Жобаға қатысушылар арасында келісім бар. Оның құрылысын нақты сомалармен қаржыландыру үшін серіктестер бірігіп отыр. Бүгінде Қазақстан, Австралия секілді кейбір елдер өз қызғушылығын білдіріп, осы құрылысқа қосылды. Қазақстан осы іс-шараның ең белсенді серіктесі деп санаймын. 

Еліміздің ядролық орталығы бұл жобаға осыдан 4 жыл бұрын қосылды. Қазақстан бүгінде осындай құрылғыға ие санаулы елдің бірі. Ол плазма әсерінен материалдар қалай өзгеретінін зерттеуге арналған әлемдегі алғашқы қондырғы, сол себепті қазақстандық ғалымдарға жұмыстың осы бөлігі тапсырылды.

Марио Мерола, ITER конструкторлық департаментінің жетекшісі:

- Кейбір заттарды, мысалы, оптикалық материалдарды Қазақстандағы ядролық реакторларда сәулелендіреміз. Осыдан кейін оның механикалық қасиеттері тексеріледі. Бұл осы материалдың қаншалықты төзімді екенін түсіну үшін қажет. Ынтымақтастағымыздың тағы бір бағыты - осы диагностикалық жүйелердің өзін сәулелендіру. 

Халықаралық реакторды салуға көп уақыт кетеді. Өйткені мұндай ауқымды жұмыс әлемде алғаш рет қолға алынды. Реактор – адам қолымен жасалған ең күрделі құрылғы. Ғалымдар оған үлкен үміт артып отыр. Энергияға сұраныс тек арта береді, ал жаңғыртылатын қуат көздері ауа райына тәуелді, атом электр станцияларына қажет әлемдегі уран қоры 70 жылға жетеді. Ал термоядролық  синтез болашақтың басты қуат көзіне айналуы мүмкін. 

Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан

Хабар 24 телеарнасы