«Цифрлық сауаттылық» пәнін оқу барысында оқушыларға қажетсіз сайттарға блок қойылады

Келер жылдан бастап елде 1-сынып оқушыларына «Цифрлық сауаттылық» пәні енгізіледі. Бұл пән несімен ерекшеленбек? Санасы бекімеген бүлдіршіндер бұл оқуды меңгеріп кете ала ма? 

Бүгінгі таңда бастауыш сынып оқушыларының планшет пен компьютерді бес саусағындай жақсы білетіні белгілі. Сондықтан балғындардың интернет әлеміндегі әрекетін дұрыс арнаға салып, өзіндік әдебін қалыптастыру аса маңызды дейді ұстаздар. Әрине осыған байланысты олардың жас ерекшеліктері де ескеріледі. Ендеше үшінші тоқсанда 1-сынып оқушыларына енгізілетін «Цифрлық сауаттылық» пәні оларға қаншалықты қажет? Балалардың өзінен сұрап көрейік.

- Балалар, саламатсыздар ма?

- Саламатсыз ба!

- Балалар, қалай ойлайсыздар сіздерге цифрлық сауаттылық керек пе?

- Иәәә!

№85 мектеп-лицейдің 1 сынып оқушысы Диястың жасы 7-де. Дербес компьютермен мектепке бармай тұрып танысқан. Бұл істе оған анасы көмектескен. Қазіргі таңда бос уақытын танымдық бейне ойындарға арнайды. «Цифрлық сауаттылық» оқулығында қамтылған анимациялық бағдарламаны да сынап көрді.

Диас Алдамберген, №85 мектеп-лицейдің 1 сынып оқушысы:

- Қандай кейіпкерді құрастырдың Скратч бағдарламасымен?

- Мысық, сосын спортзалда істейтін адамды. Мен ойлағам аз ақ нәрсе бар деп, ал көп нәрсе бар екен. Мысықтарды қозғалттым. Басқа жануарларды істедім. Мен кішкентай кезімде білмегем компьютерді. Сосын 5-ке толғанда үйрендім.

- Компьютерде негізі өзің көп отырасың ба?

- 1 сағат отырамЫН.

- Көзің ауырмай ма?

- Ауырған кішкентай кезімде.

1-сыныпқа арналған бұл оқу құралы мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндерге компьютерлік құрылғылар туралы ақпарат береді. Оқулықта мәтіндік және графикалық редактормен қалай жұмыс істеу керектігі туралы жазылған. Ақпараттық қауіпсіздік негіздері де ескерілген, дейді Информатика пәнінің мұғалімі Абылай Қазымбеков.

Абылай Қазымбеков, информатика пәнінің мұғалімі:

- Қазір пандемия уақытында барлығы онлайн оқуға көшкен уақытта да бұл пәннің қажеттілігі туындады. Арнайы сондай бағдарламалар бар. Жарнамаларға немесе қажет емес сайттарға кірмес үшін. Және жалпы сервер арқылы ол жерде де сондай бұғат қойылған. Ол жақтан да жібермейді. Және біз программа орнатамыз. Қажет емес ақпаратқа кіре алмайды олар.

Осылайша 1, 2 және 3-сынып оқушылары«Цифрлық сауаттылық» пәнін оқыса, 4-сыныпқа арналған «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» мен орта және жоғары сыныптарға арналған «Информатика» пәндері бойынша оқу бағдарламалары қайта қаралды, дейді Білім және ғылым министрлігі.

Мирлан Алтынбек, Асхат Қарақойшиев