Семейде мектептердің біріндегі асхана қызметіне ата-аналардың көңілі толмайды

Семей қаласындағы мектептердің біріндегі асхана қызметіне ата-аналардың көңілі толмайды. Олардың сөзінше, тағам сапасыз әрі санитарлық тазалық та сақталмайды. Бұл туралы жұртқа жария болған соң асханаға тексеру жүргізілді. Жеке кәсіпкерге 1 қарашаға дейін кемшіліктерді жоюға уақыт берілді.

Семейлік Айнұр Бекмағамбетова енді баласының мектепте жейтін тамағын өзі әзірлейтін болған. Өйткені 9-сынып оқитын оқушы «асханадан ауқат ішемін» деп денсаулығын құртыпты.

Айнұр Бекмағамбетова, қала тұрғыны:

- Менің балам аш жүреді, өйткені асханаға бармайды. Асқазанында қыжыл да пайда болды. Мұның бәрі сапасыз тағамнан. Ата-аналардың бәрі біледі, бірақ келіп айтуға жасқанады. Шынын айтқанда, бұл мәселе біздің мектепте ғана емес, бұл жалпы еліміз бойынша үлкен мәселе деп айтар едім. Тендерлік жүйе асханада болмауы керек. Өйткені байқауға қатысқан кәсіпкер ең арзан өнімді ұсынады.

Осындай арыз-шағым әлеуметтік желі арқылы жария болған соң мектеп асханасын арнайы құрылған мониторингтік топ келіп бірнеше рет тексерген. Алайда өрескел кемшіліктер таба алмапты.

Мәдина Болатова, қалалық білім бөлімінің әдіскері:

- Осы 10-мектепте болдық. Бұл мектепте тоңазытқышты үнемі жуып отыру керек, содан кейін ыдыс-аяқ шеті ұшып кеткен, соларды жөндеу деген ескертулер болды. Ал тамақ сапасына келгенде ешқандай ескерту болған жоқ. Шағым түсті, енді сол бойынша жұмыс жасауы керек. Егер 1 қарашаға дейін ескертулер жасалмаса, келісім-шарт бұзылады.

Мейрамгүл Кібеева, кәсіпкер:

- Тазалықты тексереді, медбике Аймара күні-түні тексереді. Таң атпай келіп, сынама алады. Тексереді тазалықты, «Ашық» арқылы кіргенді тексереді. Оқу ісінің меңгерушісі Гүлнар Мұратқызы қандай тамақ пісіріп жатқанымызды қазанды ашып көреді, дәмін көреді. Соның бәрін жасайды. Тамақ сапасын тексереді, сынған ыдысты алып тастадық. Ал кір дегені қара шай құямыз ғой шелекке, балаға суып тұруы үшін. Соның нілін олар «кір» деп ойлап қалған.

Семейде орта білім беретін 50 шақты білім ошағы бар. Оқу жылы басталғалы мониторингтік топ сол жағалаудағы 20-дан астам мектепті тексерген. Бұл топқа білім бөлімі мамандарынан бөлек ата-аналар мен қоғамдық ұйым мүшелері кіреді. Енді сарапшылар оң жағалаудағы мектептерді де тексеруді бастайды.

Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы