Алматылық педагог тіл мүкісі бар балаларды әнмен емдейді

Ән адамды әдемі әсерге бөлеп қана қоймайды, емдей де алады! Кекеш балалардың тілін әнмен түзеуге болады. Бұл тұрғыда бес жылдан бері тілі мүкіс балаларға көмектесіп, емдеп жүрген алматылық вокал педагогі Ләйла Болатбектің арнайы тәсілі бар.

- Я пою, хорошо пою.

- Молодец.

- Какую песенку ты сейчас хотела спеть?

- «Маленькая страна».

- А еще?

- У тебя много песен?

- Да?

- Аха.

- Еще веселую песню.

Ән салғысы келетін, онда да көңілді ән салып, көңілді жүргісі келетін Алуа Алдоңғарованың жасы үштен асқан. Осыдан бес ай бұрын тақылдап тұрған баланың тілі аяқасты күрмелді де қалды. Оның себебін ешкім дөп басып айта алмайды.

Торғын Макишева, әжесі:

- Ішіндегі ойын, не айтқысы келетінін шығара алмайды. Айта алмайды бала, жылайды. Сосын басын маған тығып алады да кеудеме сөйлемейінші деп айтады. Cоның бәрін айтып болғанша жарты сағат кетеді, ааасын, ббббысын. Өте қиын болды басы. 

Қаршадай қыздың мұнша күйзелуі отбасын әбігерге салды. Дәрігерден дәрігер қоймай ізденген Торғын апай ақыры Ләйлә Болатбекті табады.

Торғын Макишева, әжесі:

- Дайындала бастағаннан кейін «әже, мен қашан дұрыс сөйлеймін» деп сұрай беретін. Енді кішкене қалды. Сен сабаққа барасың, сенімен дайындалады мұғалім. Мұғалім деп айтпа, доктор деп айт дейді. Ол ойлап жүр бұл жер дәрігер дайындап жатыр деп, әлі кішкентай ғой білмейді. 

Диафрагмалық жаттығудың арнайы түрлерімен дыбыс шығаруға қатысты бұлшық еттерді дамытуды американдық әнші Шерил Портер ойлап тапқан. Шерил жаттығулары көңілді жасалады. Бала біткенге сол үшін қызық. 

Ләйлә Болатбек, вокал педагогі:

- Сондай бір таңғажайып ештеңе жасамаймын. Тек ғана өз ісіңді сүйіп істеу керек, балаларды сүю керек, содан соң диафрагмалық жаттығуларды білу шарт. Үй салғанда, оның іргетасын дұрыс қалау керек ғой, сол сияқты диафрагмалық тыныс алу да вокалдың іргетасы. Біз бұл жаттығуларды жасағанда іштің бұлшық еттерін жаттықтырамыз, ол дауыстың дұрыс шығуына көмектеседі.

«Балалардың кекештенуі туабітті немесе жүре пайда болуы мүмкін. Маған тоғыз жасар бір бала келді, велосипедтен құлап, кекеш болған. Кейде қатты қорыққаннан да кекеш болатын балалар бар», - дейді Ләйлә Болатбекқызы.

«Қазір кекештікті емдетемін» деп келген балалар арасында ауруынан да айығып, тіпті әншілікпен айналысып, алыс-жақын шетелдерден жүлделі орын алып жүрген жұлдыз-балалар да жетерлік.

Кәмшат Әбілқызы, Радик Жакупов