Еліміздегі жоғары оқу орындарында комплаенс-қызметі енгізіледі

Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, бармақ басты, көз қысты әрекеттердің алдын алуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы бүгін Алматыда өткен cыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасын талқылауға арналған жиында айтылды. Білім саласында жемқорлық фактілері жиі тіркеледі. Сондықтан жемқорлыққа жағдай жасайтын барлық тәуекелдердің алдын алып, академиялық адалдық принциптерін қалыптастыру керек.

Қазір ғылыми диссертациялар Ұлттық ғылыми сараптама орталығында антиплагиаттан тексеруден өтеді. Сондай-ақ ашық түрде онлайн форматта қорғалады. Мұның өзі жемқорлыққа жол бермеудің бір көрінісі, - деп атап өтті Білім және ғылыми министрі Асхат Аймағамбетов. Ал сыбайластық анықталған жағдайда бірінші басшы қызметінен кетеді.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

– Жемқорлық фактілері кездескен жағдайда себеп-салдарын іздеп жатпаймыз. Мұндай жағдайда жоғары оқу орнының басшысы тікелей жауапты болады. Тіпті жұмыстан шығарылуы мүмкін. Қазір профессорлық-оқытушылық құрамның айлық жалақылары айтарлықтай өсті. Оқытушылар 200 мыңнан кем алмайды. Ал профессорлардың жалақысы 350-400 мың теңгеге өсті. Бұл шара да жемқорлықты болдырмау мақсатында жасалды.