Ғалымдар шыбын дернәсілін еліміздегі экологияны жақсартуға пайдаланбақшы

Кәдімгі қара шыбынның пайдасы шаш етектен деп кім ойлаған?! Отандық ғалымдар экологияны жақсартуда және топырақтың құнарын арттыруда шыбын дернәсілін таптырмас тыңайтқыш, деп сипаттайды. Қазір олар осы салада тәжірибелік жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық университетінің Ғылыми-технологиялық паркінде дәл қазір он мыңнан астам шыбын бар. Бұл шыбындардың шыбын жаны ерекше аяулы.

Ермек Тауасаров, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ биотехнология магистрі:

- Температурасы 20 градустан 27 градуста ұстаймыз. Ылғалдылығын 50-ден 75 процентке дейін ұстаймыз. Бұларды Оңтүстік Америкадан алып келген. Біздің шыбындардан өзгешелігі – олар шақпайды және тек сумен қоректенеді. 

Бір килограмм шыбын дернәсілін өсіру үшін 10-15 килограмм қорек керек. Оңтүстік Америка шыбындары құстың саңғырығын да, тамақ қалдықтарын да, ағаш үгіндісі, бидай кебегі – бәрі-бәрін, талғамай жей береді. Тек табиғи болса болғаны. Ғылымға шыбындардан бұрын олардың дернәсілдері бағалы.

Серікхан Айдарханұлы, биотехнолог, PHD докторы:

- Ол өнімнің құрамында 40 процент протеин, 30 процент белок, қалған проценті ең қажетті аминокислоталар болып табылады.

Бір килограмм ақуыз алу үшін шыбын дернәсіліне 400 грамм жүгері кетсе, сиырға 45,3 кг жүгері керек. 1 килограмм ақуыз алу үшін дернәсілге 5400 литр су кетсе, сиырға 110 000 литр су керек. Олар аз қоректен пайдалы көп өнім өндіреді.

Серікхан Айдарханұлы, биотехнолог, PHD докторы:

- Осы өнімді тұтынған құстар, балықтар біріншіден, ауырмайды, екіншіден, массасын, етін көбірек жинайды, үшіншіден, жұмыртқа салуы жиірек болады. Яғни күніне бір жұмыртқа салатын болса, біздің дернәсілдердің арқасында күніне екі жұмыртқаға дейін салатын болады. 

Сабыр Темірбаев, биотехнология магистрі:

- Бір түп қиярға 200-300 грамм қолданады. Малдың, тауықтың қиын алатын болсақ, 2-3 кг салынады бір түпке. 

«Бұл үрдіс әлемнің басқа елдерінде де жүзеге асуда. Енді біз бұл шыбындарды медицинада қолдануды қолға алып жатырмыз. Болашақта косметология саласында да зерттеу жүргізбекпіз», - дейді ғалымдар.

Бір қызығы, экологияға да, қалтаға да пайдасы мол бұл жобаны үй жағдайында да жасау оңай екен. 

Кәмшат Әбілқызы, Әбен Нарынбаев