Елордада III Нобель фестивалі басталды

Елімізде түлектердің 60 проценті мамандығы бойынша жұмыс істемейді.

Себебі жастардың дені еңбек нарығында қандай кәсіп түрлеріне сұраныс барын біле бермейді. Бұл туралы Нобель фестивалі барысында Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев айтты. Осымен үшінші мәрте өткізіліп жатқан халықаралық іс-шараға әлемнің 70 елінен 200-ге тарта оқу орнының студенттері қатысады деп жоспарланған.

Елімізде шымылдығы түрілген Нобель фестивалі – тек Қазақстанда ғана емес, Орталық Азиядағы ең ірі ғылыми форум. Осының өзінен-ақ оның ғылым мен білім әлеміне бет бұрған жастарға берері мол екенін түсінуге болады дейді сарапшылар. Осымен үшінші мәрте желісі үзілмей өткізіліп жатқан іс-шараның басты ерекшелігі, баршаға қолжетімді болуы. Яғни кез келген адам онлайн қосылып, әлемге әйгілі ғалымдардың дәрісін тегін тыңдай алады.

Бақытжан Әбдірайым, инклюзивті даму қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы:

- 5 нобель сыйлығының лауреаттары біздің ауылдағы, жан-жақтағы жастарға осындай үлкен мүмкіншілік туғызып жатыр. Сонымен бірге әлемге белгілі бизнесмендер, ірі кәсіпкерлер Google, Siri сынды үлкен компаниялардың басшылары қатысады, олар да өздерінің ойларын ортаға салып, біздің жастармен пікір алмасады.

«Жасыл шындық», «Инновациялар ғасыры», «Жаңа дәуір дағдылары» және «Адамдар үшін экономика». Әлемнің әйгілі ғалымдары үш күн бойы осы тақырыптар төңірінде ой қозғап, пікір бөліседі.

Дария Қожамжарова, М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры:

- Региондағы университет үшін бұл үлкен жаңалық болды. Біз Нобель сыйлығының лауреаттарының лекцияларын тыңдай отырып, сұрақтар бере отырып, екі жақты қарым-қатынас, екі жақты диалогты ұйымдастыра отырып, жаңа көзқарасты жастарды тәрбиелей алып отырмыз.

Фестиваль аясында қазақстандық студенттер Гарвард университетінің профессоры Ивика Вацлавтың шеберлік сабағына қатысады. Бұл да ғылым әлеміне тәй-тәй басқан жастарға жігер сыйлап, жаңа белестерді бағындыруға талпындырады дейді мамандар.

Назерке Тоқжан