Алматылық оқушы кеңседегі ауаны көмірқышқыл газдан тазартатын жоба жасады

Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Богдан Миронов кеңседегі көмірқышқыл газының мөлшерін анықтайтын және ауаны тазартатын жоба жасады.

Оқушы оны автоматты желдету жүйесі деп атады. Құрылғы зияткерлік мектеп оқушылары арасында өтіп жатқан республикалық ғылыми жобалар байқауында таныстырылды. Жалпы байқауға еліміздің әр аймағынан келген 300-ден астам оқушы қатысып жатыр. Олар ғылыми-техникалық прогрестің экономика мен экологияға әсері, жасыл технологиялар, математикалық модельдеу, еліміздің тарихы мен туризм саласындағы тақырыптар бойынша бәсекеге түседі. Сонымен қатар жастарды ғаламдық климаттың өзгеруі, қоршаған ортаның тазалығы, суды ауыр металлдардан тазарту, табиғи қуат көздерін пайдалану мәселелері алаңдатады.

Богдан Миронов, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:

- Бұл құрылғының көмегімен кеңсені желдетіп, ауадағы көмірқышқыл газ мөлшерінің көптігінен шаршап шалдығу мәселесін шешуге болады. Біздің кеңселердің көбінде ауа алмасу жүйесі өте нашар. Әйнек жиі қолданылатын ғимараттарда вентиляция мүлдем болмайды. Ал өндірістік желдету құралдарының құны қымбат. Бұл құрылғыда көмірқышқыл газының көлемін анықтайтын арнайы есептеуіш орнатылған. Егер кеңседегі зянды газ мөлшері көбейсе ол автоматты түрде ауаны тазарта бастайды.