Қостанайдағы мектептің жөндеу жұмыстары кешеуілдеп барады  

 Жақында оқу жылының екінші тоқсаны басталады, ал Арқалық қаласындағы мектепте жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Родина ауылындағы білім ұясының кестеден кешігуіне мердігерлердің тендер үшін текетіресі себеп. Құрылыс компаниясы ғимаратты бір ай бұрын қолданысқа беруі тиіс болған. Енді оларды облыстық білім басқармасы сотқа беріп жатыр. Ал оқушылар болса, ауыл әкімдігінің ғимаратында оқуға мәжбүр. 372 бала үшін қыркүйек айынан бері әкімдік ғимараты уақытша білім ұясына айналды. Ал мемлекеттік қызметшілер ауылдық дәрігерлік амбулаториядан пана тапқан. Балалардың сабақтары осындай тар бөлмелерде өтеді. Уақытша қысылып-қымтырылып отыруға тура келеді.

Аяулым Теміржан, оқушы:

– Өзіміздің мектебімізге оралғымыз келеді. Сағындық. Екінші тоқсанды жаңа мектепте бастағымыз келеді. Жөндеу жұмыстарының тезірек аяқталғанын қалаймыз. 

Оқушылар білім беру бағдарламасынан қалмас үшін тұрғындар ескі әкімдік ғимаратын ауыл боп тазалауға атсалысты. Демеушілер іші-сыртын ақтап, бояған. Бұрынғы мектептен тақта, орындық әкелінді. Бар-жоғы он бір кабинет дайындалды.

Болатбек Оташев, Родина ауылдық жалпы білім беретін мектеп директоры:

– Бұл жерде ешқандай қиындық көріп жатқан жоқпыз. Талапқа сай жылу бар. Бәрі де оқуға сәйкес келеді. Жөндеу бітіп жатса, өзіміздің мектепке ораламыз деп ойлаймын.

Білім ұясы 40 жылдан астам уақыт ешқандай жөндеу көрмеген. Биыл 452 млн теңгеге ғимаратты жаңа оқу жылына дейін жаңғырту көзделді. Бірақ пайдалануға беру мерзімін екі рет шегеруге тура келді. Бұған мердігерлер арасындағы текетірес себеп.  

Есламбек Мәметеков, Арқалық қаласы білім бөлімінің басшысы:

– Бұл жұмыс мамырда басталуы керек еді. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау үшін біз конкурс өткіздік. Ол конкурсты осы алматылық мердігер ұтқаннан кейін оны екінші орындағы адам аудитке берді. Тексеріс болды. Одан кейін жөндеу жұмыстарын бақылайтын орган бар. Сол технадзорды Орал қаласы ұтып алды. Оны екінші технадзор сотқа берді. Ал технадзорсыз жөндеуді бастай алмаймыз. 10 маусымда бастадық. Содан жөндеу жұмыстары 4 айға беріліп тұр. Материалдың қымбаттауымен бірге өзге де себептердің салдарынан біз бүгінге дейін уақытты ұттырып алдық.

Сөйте тұра мердігер барлық жұмысты қазан айында аяқтап үлгере алмады. Себебі жөндеу кезінде ескерілмей қалған бірсыпыра кемшілік анықталды. Нақтырақ айтсақ, жоба авторының немқұрайлығынан жұмыс ұзақ уақыт тоқтап тұрған.

Анарбек Мархабай, мердігер:

– Этаждарға кафель салу керек еді. Сол үшін тапсырыс берушіні, жоба авторын шақырдық та ол жерге тақтай салдық. Өйткені кафель салсақ, майысып құлап қалатын еді. Желдеткіш қарастырылмаған. Екінші қабаттағы әжетханаларда терезелер қарастырылмаған. Мүмкін ол пайдаланылмаған шығар уақытында. Шатырдағы жылтқыштың қалыңдығы басқаша болды. Керамзитті алып тастап мақтаның қалыңдығын өзгерттік. Себебі керамзитті нарықтан табу қиын.

Құрылысшылардың айтуынша, мектептің жөндеу жұмыстары 95%-ке аяқталған. Егер мерзім бойынша тағы өзгеріс болса, онда мердігерге айыппұл салынады.

Зәуре Байменова, Облыстық білім басқармасының басшысы:

– Мердігерлерді сотқа беріп жатырмыз. Сот шешімі бойынша мына күндерге олар айыппұл төлейді.

Қалай дегенмен мектепті қолданысқа беру мерзімі тағы да шегерілді. Сәтін салса, оқушылар екінші тоқсаннан бастап жаңартылған мектептің оқу партасына отырады.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров.