Алматыда оқушылар арасында үздік ғылыми жобалар конкурсы өтті

Алматыда оқушылардың үздік ғылыми жобаларының конкурсы өтті.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған бұл байқауға 400-ден аса жоғары сынып оқушылары қатысқан. Балалардың көтерген тақырыптары өзектілігімен ерекшеленеді. Олар «Ғаламдық жылыну», «Спортта жарақат алмау жолдары», «Аз ақшаға қалай пайдалы тағам сатып алуға болады?» сынды қызықты, өзекті әрі креативті тақырыптарды таңдаған. Төрешілердің таңдауымен «COVID-19: туризм мен қонақжайлылық» деген жұмыс ең қызықты жоба болып танылды. Бұл тақырып бойынша оныншы сынып оқушылары бірнеше ай бойы айналысыпты. Қазақстандағы ғана емес, шетел тәжірибесін де зерттей келе, пандемия кезінде елімізде ішкі туризм 13 процентке артқанын, ал шетелдерде керісінше азайғанын анықтаған. «Ата-ана мен бала» және «Бук-кроссинг» жобалары да үздік деп танылды.

Бақнұр Зиябеков, байқауды ұйымдастырушы:

- Негізгі тақырыптардың барлығы осы экономика саласына өзінің үлесін қосатын тақырыптар көбінесе ол креативке байланысты, спортқа байланысты және туризмге байланысты, неге осы үш саланы таңдап жатырмыз? Өйткені осы қазіргі кезде осы үш сала бойынша көптеген өзгерістер болып жатыр, көптеген сұраныс болып жатыр.