Еліміздегі «WorldSkills» кәсіби шеберлік чемпионатына 450 студент қатысып жатыр

Биыл білімгерлер сайысы Қазақстанның 8 аймағындағы колледждерде ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«WorldSkills» республикалық кәсіби шеберлік чемпионаты басталғанын бұдан бұрын айтқан едікСайысқа барлық өңірлерден 450-ден астам студент қатысып жатыр.

Қарашада басталған дода желтоқсан айына дейін жалғасады.

Мирас Мақсымов, қатысушы:

– Бүгінгі тапсырмасы белгілі бір компанияның ашылуын жасап, оны 3D форматта көрсету. Осы жарыстан жеңіске үмітім бар. Бұған дейін де біраз тәжірибе алдым. Ал орын алмай қалсам, тағы да тәжірибе болады деп ойлаймын.

Көкшетаудың өзінде бұл сайыс бес колледждің базасында өтіп жатыр. Қатысушылар «Ақпараттық желілер», «Мехатроника», «Инженерлік графика», «Мобильді робототехника», «Бизнеске арналған IT-шешімдер», «Бастауыш сыныптарда оқыту», «Мектепке дейінгі тәрбие», «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету» бағыттары бойынша өзара сынға түсуде. Үміткерлердің жұмысын 500-ге жуық сарапшы бағалайды.

Қазбек Төлегенов, Қазақстандағы «Worldskills» қозғалысын дамыту басқармасының бас менеджері:

– Осы байқау жыл сайын өтуде. Тек былтыр 2020 жылы індетке байланысты болған жоқу. Жалпы дайындық жоғары деңгейде өтті. Қатысушыларымыздың да дайындығы өте жоғары. Талпыныстары жақсы. Осының қорытындысы бойынша біз ең үздіктерді іріктеп, оларды келесі жылы Қытайда өтетін халықаралық чемпионатқа дайындаймыз.

Байқаудың қорытындысы келесі айда елордада өтетін шараның жабылу кешінде жарияланады. Ал жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталмақ.

Айта кетейік, «WorldSkills» халықаралық қозғалысы кәсіптік-техникалық мамандықтардың беделін арттыруға бағытталған байқау. Оған әлемнің 80-нен астам елі қатысады. Қуантарлық хабар да бар. Қазақстан қазір сол 80 елдің арасында аталған жарыстың деңгейі бойынша 14 орында тұр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко