Қарағандыда ТМД және Балтық елдері арасындағы үздік әдебиетші мұғалім тұрады

Қарағанды қаласында ТМД және Балтық елдерінің үздік әдебиет пәнінің мұғалімі тұрады. Ұлағатты ұстаз шаһардағы нөмірі бірінші мектеп-гимназиясында 50 жыл бойы еңбек етіп келеді. Оның қолынан білім алған шәкірттер бүгінде Қазақстанның барлық саласында қызмет етіп жүр. Жарты ғасырда жүздеген түлектерге жөн сілтеп, білімімен бөліскен. Әлі де тынбай еңбек етіп жүрген ұстазды өңірдегі әріптестеріміз де құттықтап қайтқан еді. 

Светлана Васильевна осыдан тұп-тура 50 жыл бұрын еңбек жолын орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі ретінде бастаған. Содан бері бір орында тапжылмай қызмет етіп келеді. Еңбек кітапшасында бір ғана қызметке қабылданғаны туралы жазба бар. Оқытуды дәстүрлі форматтан сан түрлендіріп таза ауада сахналық қойылым ретінде де өткізудің нағыз шебері.

Светлана Дроздовская,  №1 гимназияның орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:

- Менің оқушым АҚШ-тағы ЖОО-лардың бірінде орыс тілінен сабақ береді. Тіпті жазушы болып шыққан шәкірттерім бар. Қазақстанның барлық саласында оқушыларым кездесіп жатады. Олардың өмірде өз орнын тапқандарын көріп, әркез қуанып жүремін. Мен бірінші кезекте өз пәнім арқылы оқушының қабілетін оятып, дағдысын дәл тапқым келеді. 

Мына музейде суреті тұрған оқу озаттарының арасында қазір елге танымал кәсіпкерлер, жазушылар, тіпті саясаткерлер де бар. Олардың барлығы бір кезде ұлағатты ұстаздың шәкірті болыпты. Аталған мектептің директоры, ұстаздарының бір тобы, басшының орынбасары да Светлана Васильевнаның бір кездегі шәкірттері.

Евгений Сухотеплов, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

- Мен осы гимназияның физика-математика сыныбында білім алғанмын. Сол кезде бізге білім берген ұстазымыз Светлана Васильевнаның кез келген сабақты тереңнен толғап, оны оқушыларға жеткізе білу шеберлігі қатты ұнайтын. Сол кісінің оқыту стилі мені өзім таңдаған физика-математика бағытынан бас тартып, филологияға алып келді. Қазір мен де тіл мен әдебиетті таңдап, ұстазымыздан әлі үйреніп келемін.  

Светлана Дроздовская зерттеуші мұғалім. Аттай 50 жыл ұстаздық жолда жүрсе де ізденісін тоқтатқан емес. Бірақ соңғы жылдары білгенін басқа әріптестеріне де үйретіп жүр. Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеу ісіне арнағаны үшін еш өкінбейтінін айтады.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков