WorldSkills Kazakhstan 2021: студенттер наубайшы болып жарысады

VІ республикалық «WorldSkills Kazakhstan 2021» кәсіби шеберлік чемпионатының бір кезеңі Ақтауда өтіп жатыр.

Қазылар алқасы 3 күн бойы колледж студенттерінің «Наубайшы ісі» мамандығы бойынша шеберлігін саралайды. Сайыста 12 өңірден және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкенттен барған 15 қатысушы бақ сынайды. Жалпы биылғы шара елімізде 18 өндірістік орында ұйымдастырылды. Оған электроника, мобильді робототехника, мейрамхана қызметі тағы басқа 40-тан астам мамандық түрі бойынша 500-дей адам қатысты. Айта кетейік, дәстүрлі байқау жас кадрларды экономиканың өндірістік секторына тартып, Қазақстанда техникалық-кәсіптік білімнің дамуына оң ықпал етеді.

Ақбота Сәкен, сайысқа қатысушы:

- Менің мамандығым «Нан-макарон және кондитер өндірісі». 1-күннің тапсырмасы «Крендель және тұтас дәнді нан» дайындап жатырмыз. Біз бұл конкурсқа барлығымыз дерлік бірінші рет қатысудамыз. Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Мұндай сайыстар бізге өте керек деп ойлаймын.

Тілектес Әлқуатова, бас сарапшы:

- Сайыстың екінші күні қатысушылар тәтті тоқаштар мен ашытқыдан нан пісіреді. Ақтық күні қамырды қатпарлау және 4 түрлі пішінде тағам әзірлейді. Олардың биіктігі 70-80 сантиметрден кем болмауы тиіс. Күрделі тапсырманы жылдам әрі мұқият орындап шыққандарға жоғары баға қойылады.