Қазақстандық ғалымдардың 14 ғылыми әзірлемесі бірқатар елге экспортқа шығарылып жатыр

Қазақстандық ғалымдардың 14 ғылыми әзірлемесі халықаралық нарыққа шықты және енді Қытай, Ресей, Түркия, Грузия, Чехия, Қырғызстан сияқты елдерге экспортқа шығарылып жатыр.

ҚР БҒМ баспасөз қызметінің мәліметінше, барлық жоба Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым қорының қолдауымен жүзеге асырылды. Сату көлемі жүздеген миллион теңгеден асып, ғалымдар пассивті кіріс алып отыр. Ғылыми әзірлемелердің қатарында – кобальт-57 радиоизотопы, зеңге қарсы дәрілік препарат, медициналық, тағамдық және тұрғын үй-жайларды санациялауға арналған биопрепараттар, сүт сарысуы негізіндегі сусындар, пробиотиктер және тағы басқалар бар.

«Ғылым қоры өзінің 15 жылдығын атап өтіп жатыр. Соңғы екі жылда 130-ға жуық жоба қаржыландырылды. Қор ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға арналған жобаларды гранттық қаржыландыру бойынша оператор болып табылады. Бүгінгі таңда біз 113 ғылымды қажетсінетін өндірісті іске қостық, оның 14-і өнім экспортына шығарылды. 1,5 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Зияткерлік меншік авторлары мен ғылыми әзірлемелерді пайдаланатын кәсіпорындар арасында 45 лицензиялық келісім жасалды», – деп атап өтті ҚР БҒМ Ғылым қоры басқармасының төрағасы Арын Орсариев.

Ядролық физика институтының ғалымдары кобальт-57 радиоактивті изотопын арзан бағамен өндірудің жаңа технологиясын жасады. Бұл өнім ядролық медицинада, ғылыми зерттеулерге арналған құралдарды өндіруде медициналық томографтардың жұмыс істеу сапасын бақылау үшін қолданылады. Жоба коммерцияландырылды және отандық ғалымдардың технологиясы бойынша кобальт-57 изотопының ерітіндісі өнеркәсіп өндірісінің көлемінде шығарыла

бастады. Қазақстандық өнім халықаралық нарыққа шығып, бүгінде кобальт радиоизотопы партиясы Ресейге жеткізілуде.

Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде қазақстандық ғалымдар шетелдік ғалымдармен қатар медицина, нано және биотехнология, жасанды интеллект, геология, минералдық және көмірсутекті шикізатты қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі және экология салаларындағы заманауи әзірлемелерге қатысып жатыр.

Ғылым қорының қолдауымен елімізде жел және күн энергиясын өндіретін бірегей генераторлар өндірісі жолға қойылған.

«Қондырғы сыртқы қуат көзін қосуды қажет етпейді, негізгі және резервтік қуат көзі ретінде пайдаланылады. Сонымен қатар электр желісінен алыс орналасқан нысандарды қуатпен жабдықтау мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Жел генераторлары дауыл желдеріне, дауылдарға, мұздану, төмен температураға төзімді. Аталған генераторларды жергілікті жердің географиялық және климаттық ерекшеліктеріне қарамастан пайдалануға болады. Қондырғылар үлкен сұранысқа ие, бүгінгі таңда сатылым көлемі 100 млн теңгеден асты», – деді жоба жетекшісі Жанболат Мұзбаев.

Микробиология және вирусология институтының ғалымдары зеңге қарсы «Розеофунгин-АС» препаратын ойлап тапты. Жақпа тері микоздарын емдеуге арналған және жоғары тиімділігін көрсетті. Препарат бірегей құрамымен және зеңге қарсы әсер ету спектрінің кеңдігімен ерекшеленеді. «Розеофунгин-АС» препараты Диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамасы дәрілерінің тізіміне және Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярына кірді.