Павлодарда інжір жеміс берді

Павлодарда жас экологтар тың бастама көтерді. Оқушылар жылыжайда өсетін тропикалық және субтропикалық жемістер туралы қызықты мәліметтер жинап, оларды күтіп баптау сырын ашады. Алғашқы танымдық сабақ інжір мен фортунеллаға арналды.

Жылыжай меңгерушісі Ахмет Қапашев ұзақ жылдар бойы оқушыларды өсімдік тануға баулып келеді. Әр ағаштың өзіндік ерекшелігі бар. Мәселен, киви шырмауық сияқты өрмелеп өседі. Ал інжір ағашының гүлі жемісінің ішінде болады. Экзотикалық жеміс ағаштары жыл бойы гүлдеп тұрады. Солардың бірі жапон фортунелласы.

Ахмет Қапашев, жылыжай меңгерушісі:

- Өз елінде бұлар өз отанында жыл бойы гүлдеп тұратын өсімдіктердің қатарына жатады. Тропикалық өсімдіктің бір қасиеті. Фортунелланы бізде, біздің дүкендерде кинкан, кумкват деген атпен кездестіруге болады жемісін. Шынына келгенде, ботаникалық аты фортунелла.

Экологиялық мектептің жылыжайында лимон, авокадо, киви, анар, лавр және кофе сынды 180-ге жуық тропикалық жеміс ағаштары өсіп тұр. Бижан Әмірханов інжір ағашы туралы көптеген мәлімет жинапты. Інжір тропикалық ормандарда өсетін мәңгі жасыл фикустың туысы болып келеді. Оны шарап жидегі, карик фикусы деп те атайды екен.

Бижан Әмірханов, оқушы:

- Інжір жемістері әртүрлі түстерде болады. Ашық жасылдан қою күлгінге шейін, бірақ оның ішіндегі жұмсағы әрдайым қызғылт-қызыл болады және оның тұқымдары көп болады. Ағаштан үзілген жеміс бірнеше сағат бойы сақталады содан кейін ашу процесі басталады. 

Оқушылар өз қатарластарына таңғажайып өсімдік – інжірді үй жайында қалай өсіруге болатынын үйретпек. Жалпы жылыжайда өсімдіктер тұқымынан отырғызылады. Бұл жеміс ағаштарының қалай өсіп жетілетінін бақылау үшін керек. Ал экологиялық орталықта экзотикалық өсімдіктерден бөлек гүлдердің 80-ге тарта түрі бар. 

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков