Павлодарда студенттердің өнер табыстары таныстырылды

Павлодарлық студенттер қоғамға пайдасы бар жаңашыл идеяларын жүзеге асыра бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Робот-промоутер, егде жастағы азаматтарға арналған компьютерлік курстар, әйел кәсіпкерлерге қолдау көрсету мен топырақтағы сынапты залалсыздандыру. Павлодарлық студенттердің қоғамға пайдасы мол осындай жобалары бар. Жастардың бұл ғылыми жұмыстары қолдау тауып, жүзеге асса, біраз мәселеге көмек болары анық.

Әйелдер кәсіпкерлігі академиясы халықаралық грант шеңберінде ашылған. Жоба авторлары – университет қызметкерлері. Мақсат – кәсіпкерлікте табысқа жеткен сарапшылармен және әлемдік бизнес мектептерімен әріптестік орнату. Бүгінде экономикадағы әйелдер кәсіпкерлігінің үлесі 44 проценттен асқан.

Зейнеткерлерді ақпараттық сауаттылыққа үйрету жобасы жуырда ғана іске асырыла бастады. Қарттар тарапынан қызығушылық жоғары. Бүгінде 48 тыңдаушы бар. Егде жастағы азаматтар жастардан қалмай, ғаламтордағы пайдалы сервистердің игілігін көргісі келеді.

Егор Прохоров, студент:

– Зейнеткердер электронды үкімет порталы, банктердің қосымшалары мен майкрософт офис бағдарламаларын меңгергісі келеді. Сауаттылық курстарына келушілер саны артуда. Барынша қолдау көрсетуге тырысамыз.

Ал бұл - робот-промоутер. Жоба қоғамдық тамақтану орындарында жарнамалаушы және тұтынушыларды шақыру қызметін атқармақ.Осылайша дәмхана әкімшілігі қаржы үнемдеп, бизнестерін дамыта алады. Бүгінде бұл іспен айналысатын жұмыскерлерді табу қиынға соғады. Жоба бұл мәселені шешуге көмек болмақ. Бүгінде бұл стартап қолдау тапқан. Идея авторлары ондаған құрал жасап шығармақ.

Константин Слесаренко, студент:

– Әрине классикалық манекендер бар. Бірақ олар жарнамамен айналыса алмайды және тұтынушылардың көңілінен шыға бермейді. Ал электроманекен промоутер қызметін атқара алады. Адам күші қажет болмайды. Қазір бірнеше промоутер іске қосылып, қоғамдық тамақтану орындарында жұмыс істеп тұр.

Жастар облыстың экологиялық проблемаларын шешуге де атсалыспақ. Университет ғалымдарымен бірлесіп, құрамында сынап бар топырақты тазарту технологиясын ойлап тапты. Олар топырақ қабатындағы сынапты жапон ғалымдары жасаған арнайы ұнтақтың көмегімен залалсыздандыруға ниетті. Алғашқы сынақтар бұл әдістің тиімділігін көрсетті.

Александр Свидерский, университеттің химиялық факультетінің деканы:

– Келесі жылы ауқымды сынақ жұмыстарын жүргізбекпіз. Былқылдақ көлінің экологиялық мәселесі алаңдатады. Біз топырақты магний оксиді негізіндегі препараттың көмегімен залалсыздандыруды ұсынамыз. Бұл құрал ашық топырақ құрамындағы сынап көлемін азайтады. Алғашқы сынақтан соң оң нәтиже бар.

Ең бастысы идеяларға деген қызығушылық бар. Аймақтың мемлекеттік мекемелері кей жобаларды бірлесіп жүзеге асыруды қолға алды.

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков