Елордада «Мың бала» жобасының жеңімпаздары марапатталды

Елордада «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасының жеңімпаздары марапатталды. Жоба түрлі этностық топтардың жастарына, қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетін және тілін үйретуге бағытталған. 2015 жылмен салыстырған қазір қатысушылар саны едәуір артты, дейді ұйымдастырушылар.

Аскер Пириев, ҚХА мүшесі:

- Еліміздің түкпір-түкпірінен 6 бағытта жастар, жасөспірімдер бақтарын сынап, елорда төріне келіп отыр. Жастарымызда әлемдік деңгейді өз өнерін паш етіп, еліміздің абыройын асқақтатады деген сенімдемін. 

Биыл тіл үйретудің инновациялық бірегей әдістемелерімен өңірлерден келген 15 әдіскер, алғыс хатпен марапатталды. Сонымен қатар «Өнер алды – қызыл тіл» және «Өнерлі өрге жүзер» байқауының жеңімпаздары анықталды. Айта кетерлігі, елде 4 мыңға жуық  қазақ мектебі жұмыс істейді. Достық үйлері мен республиканың этно-мәдени бірлестіктерінде 174 жексенбілік мектепте, мемлекеттік тілде білім береді.

Ақтоты Райымқұлова, қазақ тілі пәнінің мұғалімі:

- Қатты қуанып тұрмын. Республика деңгейінде бірінші рет қатысып тұрмын. Ұстаздар арасындағы тіл мектебі бойынша қазақ тілді көтерудің тиімді тәсілдері ретінде өзімнің жас ақындар мектебі сабақ топтамаларын әкеліп отырмын. Бізде қазақ тілін әдебиет өнерінде өлең шығару топтамаларды үйрету басты мақсатым. 

Захро Ирисматова, жеңімпаз:

- «Мың бала» мәдени ағартушылық жобасының өнер алды қызыл тіл жобасының жеңімпазы болып, өте көп оқушының ішінен озып шықтым, халықтың алдында өнерімді паш еттім. Қазіргі ішкі сезімім керемет, ақ сүт берген анамның, асқар тау әкемнің, ұлағатты ұстаздарымның сарқылмас сенімін арқалып, арман қуып Астана қаласына келіп отырмын.