434.16 493.30 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

2025 жылға қарай студенттердің стипендиясы екі есе өседі

  • 103
  • UPD: 16:07, 16.11.2021
2025 жылға қарай студенттердің стипендиясы екі есе өседі

Қазақстанда жоғары білім беру сапасын арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Бұл туралы Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов хабарлады. Ол негізінен бірнеше бағыттарды қамтиды. Атап айтсақ: оңтайлы басқару жүйесі, акдемиялық саясат, білім бағдарламаларының сапасы, қолжетімді қаржыландыру, кәсіби оқытушылар құрамы мен академиялық адалдық принциптерін сақтау және сапаны қамтамасыз етудің тиімді жүйесі. Еліміздің 122 университетінің жартысы жекемешік ұйымдар. Бакалавриат, магистратура мен докторантура деңгейлерінде 600 мыңнан астам студент білім алуда. Қазақстанның 14 жоғары оқу орыны Дүниежүзілік ең үздік университеттер рейтингінде.

«Соңғы жылдары гранттар саны 2 есеге жуық өсті. Енді 2025 жылға қарай кезең-кезеңмен грант саны 75 мыңға дейін жетеді. Мемлекет басшысы тапсырмасының аясында студенттердің стипендиясы да екі есеге жуық өсіп, 2025 жылға қарай олардың стипендиясы тағы 2 есеге, ал магистранттар мен докторанттардың стипендиясы 1,5 есеге артады», — деді А. Аймағамбетов.

Қаржыландыру жүйесіне тоқталсақ, Қазақстанның барлық университеттері жан басына қаржыландыру жүйесіне көшті. Мемлекеттік және жеке меншік университеттер оларды қанша талапкер таңдаса, дәл сол мөлшерде ғана мемлекеттен грант, яғни, қаражат алады. Сәйкесінше, мемлекеттік жоғары оқу орындары жөндеу жұмыстарын жүргізуге, жалақы төлеуге, материалдық базасын жаңартуға бюджеттен тікелей қаржы алмайды. Тек студенттердің таңдауына сәйкес гранттармен қаржыландырылады.

«Сапаны қамтамасыз ету үшін басқару жүйесінің тиімді болуы маңызды. Ең ірі 28 мемлекеттік жоғары оқу орны коммерциялық емес акционерлік қоғам ретінде қайта құрылып, корпортивті басқару жүйесіне көшті. Сәйкесінше, былтырдан бастап басты шешімдерді директорлар кеңесі қабылдайды, ал ректор сол қабылданған шешімдерді іске асыруды қамтамасыз етеді», — деді ҚР БҒМ басшысы.

Ректорларды тағайындаудың жаңа жүйесі енгізіліп, осы конкурстық жүйе арқылы екі жылда ректорлар корпусының 50%-нан астамы жаңартылды. Конкурстық тәртіптің арқасында университеттер басшылығына халықаралық тәжірибесі мен мол ғылыми әлеуеті бар әлемнің үздік жоғары оқу орындарының түлектері және «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары тағайындалды. Оған қоса, провост институты құрылып, оқу орындарының қадр резерві де жасақталды.

«Басқару жүйесінің трансформациясы университеттерде инновациялық менеджементтің дамуына, сапасын көтеріп, тиімділігінің артуына әсер етеді. Білім сапасы бірінші кезекте оқытушылардың кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты. Сондықтан, әріптестеріміз үшін қолайлы жағдай жасау басты назарда», — деді А. Аймағамбетов.

Мемлекет басшысының тікелей қолдауының арқасында биылғы қыркүйек айынан бастап оқытушылардың жалақысы 2 есеге жуық көтерілді. Оқытушыға бір ставкаға минималды түрде – 200 мың теңге, ғылым кандидатына – 260 мың теңге, ғылым докторына – 350 мың теңгеден 400 мың теңгеге дейін жалақы төлеу бойынша шешім қабылданды. Үлкен оқу жүктемесі мен қағазбасылық педагогтерді сабаққа толыққанды дайындалуға қиындық туғызғаны белгілі. Сондықтан, педагогикалық жүктеме 800-1000 сағаттан 680 сағатқа дейін азайтылып, есептілік нысандары да 35%-ға қысқартылды. Бұл шара да педагогтерге сапалы білім беру мен ғылыммен айналысуға мүмкіндік берері сөзсіз. Білім сапасын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік бақылау күшейтілді. Министрлік сапасыз білім беретін университеттерде тексеріс жүргізіп, нәтижесінде анықталған кемшіліктер бойынша 500-ден астам сот процесіне қатысып, 15 университетті толығымен жапты. Тағы 4 университетті жабу бойынша соттың шешімі қабылданып, енді апелляция жүруде. Бұған қоса, тағы 61 университеттің 400 сапасыз білім берген бағыттары бойынша лицензиялары қайтып алынды. Студенттері басқа оқу орындарына ауыстырылды. Мысалы, мұғалімдерді бұның алдында 86 университет дайындаса, және сапасы бойынша көп сұрақтар туындаса, енді педагогтерді тек 50 оқу орыны ғана дайындайды.

«Тексеріс процедурасы да жетілдірілді, оған студенттерді тестілеу мен жұмыс берушілерден сауалнама алу сияқты сапалы көрсеткіштер енгізілді. Аккредиттелген агенттіктердің жұмысы да сапаны көтеру, бақылау үшін ерекше маңызға ие. Осыған орай біз аккредиттелген агенттіктердің жауапкершілігін көтеру үшін өзгеріс енгіздік», — деді білім министрі.

Бұдан былай жоғары сапаны қамтамасыз етпейтін агенттіктерді тізімнен шығару, яғни, жабу және олар үшін бірыңғай сапалы талаптарды қою сияқты тетіктер қабылданды. Нәтижесінде 6 университеттің институционалдық аккредиттеуі қайтарып алынып, 20 білім беру бағдарламасы аккредиттеуден өтпеді.  Енді ішкі сапаны қамтамасыз ету тәсілдеріне тоқталсақ. Қазақстанда Еуропалық (ESG) сапаны қамтамасыз ету жөніндегі стандарттар еңгізілуде.

Өткен жылы Жоғары білімнің ұлттық біліктілік шеңбері Еуропалық біліктілік шеңберімен өзін-өзі сертификаттау рәсімінен сәтті өтті. Осы жұмыстың нәтижесінде, Қазақстанның жоғары оқу орындары дипломдарының Еуропада танылуын қамтамасыз ету мүмкін болды. Келесі бағыт академиялық саясат. Білім беру бағдарламаларының сапасын арттыру мақсатында университеттерге академиялық және атқарушы дербестік берілді. Осыған орай, олар Министрлік бекіткен үлгілік оқу жоспарларының орнына, білім беру бағдарламаларын дайындағанда жұмыс берушілердің кәсіптік стандарттарын негізге алады. Тиісінше, жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларын өз бетінше әзірлеуге көшіп, 9371 бағдарлама әзірленді.

«Төртінші индустриялық революцияға байланысты әлемдік еңбек нарығының негізгі проблемаларының бірі дағдылардың тез ескіруі болып табылады. Өмір бойы бір диплом сценарийі енді маңызды емес. Сондықтан Президенттің тапсырмасы бойынша Өмір бойы оқу тұжырымдамасы әзірленді. Бұл жұмыстың арқасында университеттер формалды емес және информалды білім алудың нәтижелерін танып, қабылдайтын болады», — деді министр.

Келесі мәселе – Академиялық адалдық саясатын қалыптастыру мен сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу.

«Біз академиялық адалдық талаптарын сақтау міндетін енгіздік, нәтижесінде енді академиялық адалдық қағидаттарын бұзған студенттерді оқудан шығаруға болады және де барлық дипломдық жұмыстар мен жазбаша жұмыстарды жөнсіз көшіріп алуды болғызбау үшін міндетті түрде тексеру нормасы бекітілді», — деді ол.

Тағы бір маңызды сұрақ оқуға түсу процедурасының ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету.

«Осы мақсатта біз биыл ҰБТ-ның жаңа жүйесін енгіздік. 2021 жылы елімізде алғаш рет ҰБТ 1 компьютер – 1 камера – 1 тестіленуші принципі бойынша электрондық форматта өткізілді. Оған қоса тесттерде фактологиялық білімді тексеруден ойлау қабілетін, сауаттылығын анықтау үшін тест тапсырмалары жаңартылды», — деді білім министрі.

Магистратураға түсу және докторантураға емтихан тапсыру үшін тестілеудің компьютерлік форматы енгізілді. Пандемия кезінде қашықтан оқыту қажеттілігі пайда болды. Бұл енді пандемия біткеннен кейін де жалғасатын тренд екені анық. Сондықтан жоғары оқу орындарында цифрлық экожүйе қалыптастыру, LMS платформалар, виртуалды зертханалар, прокторинг жүйелері кеңінен енгізілуде. Сонымен қатар министрдің айтуынша, сапаны қамтамасыз ету үшін білім, медицина, авиациялық, құрылыс, өнер, әскери іс сияқты бағыттар үшін қашықтан сабақтарды тек 20% беруге рұқсат ету туралы шектеу қойылды. Сапаны көтерудің тағы бір тетігі бәсекелестікті арттыру болып табылады.

«Отандық университеттердің шетелдік үздік университеттермен тәжірибе алмасу және бәсекеге қабілетті болуы үшін біз Қазақстанда шетелдің алдыңғы қатарлы университеттерінің филиалдарын ашу бойынша жұмысты бастап кеттік. Биыл De Montfort Leicester университетінің филиалы ашылды. University of Arizona және Arizona State University филиалдарын ашу жұмыстары жүргізілуде. Тағы кем дегенде 5 филиал ашу бойынша жүмыс жүргізіледі», — деді білім және ғылым министрі.

Отандық жоғары оқу жүйесін дамыту үшін жаңа жобалар да дайындалды. Жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында өңірлердегі 20 жоғары оқу орнының базасында академиялық артықшылық орталықтары құрылады. Жоба шеңберінде бұл университеттердің материалды техникалық базасы, ғылыми зертханалары нығайтылып, жаңа білім бағдарламалары еңгізіледі. Зерттеу экожүйесін қалыптастыру үшін үш жоғары оқу орнын зерттеу университтеріне айналдыру жоспарда бар.

Оған қоса Назарбаев Университетінің тәжірибесі негізінде 2 озық жоғары оқу орнын құру бойынша белсенді жұмыс басталды. Болашақта жоғары оқу орындарының арасында бәсекелестікке ынталандыруды арттыру үшін университеттер төрт лига бойынша бөлінетін болады. Сәйкесінше, кіретін Лигаларға байланысты жоғары оқу орындарына академиялық, басқарушылық еркіндіктің әртүрлі деңгейлері анықталады. Сондай-ақ ең мықты университеттер мемлекеттік бақылаудан босатылып, керісінше 3 лигаға және 4 лигаға енбеген университеттер мемлекеттік бақылауда тексеріс үстінде болады.

Хабар 24 телеарнасы