Елордада журналистер студенттерге дәріс оқыды

Журналистік зерттеу – бұқаралық ақпарат құралдарындағы ең маңызды жанрының бірі. Бүгін елордалық журналистер, студенттерге дәріс оқып, саланың қыр-сырын түсіндірді, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Әрбір журналист түрлі саланы зерттеп-зерделеп, майталман бола алады. Ол, әрине, кәсіби біліктілікке, ізденімпаздыққа тікелей байланысты. Бірақ журналистикадағы буындар сабақтастығының рөлі ерек. Міне, «Хабар» агенттігінің тілшілері болашақ әріптестеріне дәріс оқып, мамандықтың қыр-сырын түсіндіріп жатыр. Мақсұт Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ студенттерін салиқалы сұхбат құру, тартымды репортаж жасап, маңызды ақпарат жеткізу жолы қызықтырды. Бұл ретте «Хабар» арнасындағы журналистік зерттеу бөлімі мамандарының айтары көп.

Анар Ибраева, М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университеті Жоғары гуманитарлық мектебінің деканы:

– Осынау бастамаға өте қуаныштымыз. Студенттерімізге нағыз мамандардың дәріс беруі үлкен тәжірибе алумен тең. Сондықтан осы салада тер төгіп жүрген жандармен етене жұмыс істеуді жөн санадық. Бүгінгі дәріс те қызықты болды.

Қоғамдағы түйткілдерді ашық көрсетіп жүрген журналистік зерттеулерді көпшілік асыға күтеді. Өзекті мәселе өте көп. Айгүл Адилова, Дмитрий Олейников, Арман Ештаев, Сәби Байбусынов бастаған ұжымның еңбегі ерен. Олармен тілдесіп, кеңесу студенттер үшін үлкен мүмкіндік болғаны рас. 

Айгүл Адилова, журналистік зерттеу жобаларының жетекшісі:

– Маман тапшылығы мәселесі қашан да өзекті. Түрлі салада. Журналистік зерттеуде де осылай.  Мемлекет ЖОО-ның дұрыс бағытта жұмыс істеуіне жағдай жасап жатыр. Ең бастысы, таңдау бар. Мамандықты дұрыс таңдап, біліктілікті арттырып отыру өз қолыңызда. 

КАЗГЮУ-де биыл ғана ашылған Журналистика факультетінің студенттері болашақта сараптама, зерттеумен айналысатын болады. Демек, олар үшін бүгінгі дәрістің маңызы зор. 

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Диас Ковланбаев