Ғылыми жобалардан бюджетке 45 млрд теңге кіріс кірді

Соңғы 5 жылда ғылыми жобаларды қолдауға 34 миллиард теңге бөлінген. Есесіне қомақты қаражат бюджетке 45 миллиард теңге болып қайтқан.

Бұл туралы бүгін Алматыда өткен «Ғылым және Бизнес» атты ІІІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды. Іс-шараға 100-ге жуық ұйым өкілі қатысып, идеяны жүзеге асыру жолдарын талқылады.

«Ғылым және бизнес» ІІІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысушылардың бірі жарақаттың жазылуын жылдамдататын ораманы ойлап тапқан. Сонымен қатар бүйрегі сыр бергендерге арналған қанды тазартатын гемосорбент жасап шығарған.

Әлібек Мұтышев, ғылыми орталықтың бас директорының орынбасары:

- Біздің бағытымыз енді негізінен халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында жұмыс істеліп отыр бүкіл жобамыз. Гемосорбент қан тазалауға арналған, биолайф – адамдарға арналған биологиялық активті қоспа, ол да адамның ағзасын тазалауға бағытталған болады.

Конференцияға қатысушылардың айтуынша, соңғы жылдары ғалымдардың бірқатары бизнестің тілін меңгеріп, ғылыми жаңалықтарын өздері нарыққа ендіре бастаған. Технологияларын қолданғаны үшін кәсіпкерлер оларға роялти әдісімен ақша төлеп отырады.

Арын Орсариев, «Ғылым қоры» АҚ Төрағасы:

- 700-ге жуық халықаралық деңгейде танылатын патенттер бар. Осы патенттердің базасында бізде жыл сайын 40-50 шақты жаңа бизнес пайда болып жатыр. Осындай процесті, оның тиімділігіне қарау үшін, жалпы талқылау үшін бүгінгі конференциямызды жүргімізіп жатырмыз. 

Қазақстанда соңғы 5 жылда ғылыми жобаларды коммерцияландыру үшін 34 миллиард теңге бөлінген. Ғалымдардың өнертабыстарын өндіріске қосудың нәтижесінде мемлекетке 45 миллиард табыс әкеліпті. Ендігі мақсат – жобаларды ұлғайтып, әлемдік нарыққа шығу.

Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев