Арқалықтың Родина ауылында оқушылар әкімдіктің ескі ғимаратында оқып жүр

Арқалық қаласында жөнделіп жатқан мектепті қолданысқа беру осымен төртінші рет шегерілді.

Бастапқыда Родина ауылындағы 372 оқушы мектеп партасына жаңа оқу жылында отыруы тиіс еді. Бірақ құрылыс барысында бірсыпыра кемшілік анықталған. Мердігерлер арасында келіспеушіліктер туындап, салдарынан жұмыс ұзақ уақыт тоқтап тұрды. Ал балалар қыркүйектен бері сабақтарын ауылдық әкімдіктің ескі ғимаратында оқып жүр. Мемлекеттік қызметшілер болса, жергілікті дәрігерлік амбулаториядан уақытша пана тапқан.

Әмірхан Асанов, Арқалық қаласының әкімі:

- Жобаның өзі дұрыс дайындалмағандықтан көптеген өзгеріс жобаға енгізіліп, жұмысы созылып кетті. Қазіргі уақытта жұмысы аяқталып, осы алдағы дүйсенбіде балалар мектепке кіріп оқуын сонда бастайтын болады. Мердігерге заңды түрде шара қолданылады. Айыппұл саламыз. Сосын сотқа жібереміз. Жауапсыз құрылысшылар реестріне енгізу үшін.