434.16 493.30 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Түркияның экс-президенті Абдулла Гюль Алматыда студенттермен кездесті

  • 98
  • UPD: 22:29, 20.11.2021

Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Түркияның экс-президенті Абдулла Гюль оқу орнының оқытушы-профессорларымен және студенттерімен кездесті. Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған шарада екі ел арасындағы ежелгі ынтымақтастық пен достық қарым-қатынас, көшбасшылық сыры сөз болды.

Қазақстан мен Түркия – бауырлас мемлекет. Екі елдің қарым-қатынасы Тәуелсіздікке дейін басталған. Қазақстан егемендігін алғанда алғаш құттықтап, достық ниетін жеткізген де Түркия мемлекеті болатын. 1992 жылы Қазақстан мен Түркия мемлекеттері ресми түрде дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Айта кетейік, Абдулла Гюль 2007-2014 жылдар аралығында Түркия президенті болды.

Олжас Сүлейменов, мемлекет және қоғам қайраткері:

- Бүгінгі кездесуге өте қуаныштымын, бұл басқосу түркі халықтарының достастығын бекітіп, ынтымағын арттырады деп сенемін.

Кездесу барысында Абдулла Гюль жиналғандарға дәріс оқыды. Сонымен қатар тәжірибелі саясаткер өзінің саяси саладағы көп жылдық тәжірибесімен бөлісіп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Абдулла Гүл, Түркияның экс-президенті:

- Қазақстанның жетістіктерін біз ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланыстырамыз. Бүгінде елдеріңіз әлемдік қоғамдастықта лайықты орын алып отыр. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлының үлкен еңбегі. Бүгінде Ұлт Көшбасшысының сара жолын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев абыроймен жалғастырып келеді.

Мади Нұржау, студент:

- Көшбасшылыққа дәріптейтін, бағыттайтын, насихаттайтын, лидерлік лекциялар ұйымдастырылуда. Ол кісіслер өздерінің жетістікке қалай жеткені жайлы айтады, бізді ынталандырады. Екі ел арасындағы университеттердің студент алмасу барлық керек нақты ақпаратар жеткізуде.

Шара соңында Абдулла Гюльге Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Құрметті профессоры» атағы берілді. Сондай-ақ, университет ректоры Жансейіт Түймебаев қонақты Әл-Фараби Алтын медалімен марапаттады.

Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов

Хабар 24 телеарнасы