Алматы облысы Тасқұдық ауылының халқы мектепті өз күшімен салып жатыр

Тасқұдық ауылының тұрғындары өз күштерімен мектеп салып жатыр. Бұл бастауыш оқу орыны. Бұрынғысы жарты ғасырға жуық пайдаланылып, өз міндетін атқарған. Ауыл елді мекендегі өзекті мәселені осылайша сыртқа қол жаймай өздері шешпек.

Тасқұдық ауылындағы мектеп құрылысы көктемде басталды. Игі іске көпшілік жұрт болып жұмыла кіріскен. 

Сұлтан Құсайынов, ауыл тұрғыны:

- Ауыл азаматтарының үлесі бар бұл жерде. Тасын әкеліп түсіріп берді. Жұмысшыларға тамақтарын әкеп түсіріп берді. Барлық жағынан көмектесті. Осы елдің бірлігінің арқасында осы мектеп бітіп тұр.

Бастамаға аудандық әкімдік ұйытқы болды. Олар жер бөліп беріп, құрылыс жұмыстарына аймақ көлеміндегі кәсіпкерлерді жұмылдырған. Соның нәтижесінде құрылыстың басым бөлігі аяқталды.

Әсет Қанапиянов, Бақалы ауылдық округінің әкімі:

- Бүгінгі күнге 70 проценті аяқталып отыр. Қалған ішкі соңғы әрлеу жұмыстары және сыртқы абаттандыру жұмыстары және жылу жүйесі қалып отыр. Осы үш мәселе бітсе, осы мектеп пайдалануға беріледі деген үміттеміз.

Мектеп салынып жатқанын бастауыш сыныптың оқушылары да біледі. Олар жаңа білім ордасының табалдырғын аттайтын салтанатты сәтті тағатсыздана тосып жүр.

Аңсар Орынбек, оқушы:

- Жаңа мектепте оқығым келеді. жаңа мектеп тез салынса екен. Арманым сода. Жаңа мектеп өте кең.  

Қазір ауылдағы отыздан аса оқушы 90 шаршы метрлік оқу орнында білім алып жатыр. 1975 жылы салынған ғимарат әбден ескірген. Едені сықырлап, жылыту жүйесі сыр берген. Әрі бүлдіршіндерге мекеме тарлық етіп отыр.

Еркін Дәнекеров, К.Қазыбаев атындағы орта мектеп директоры:

- Ол жерге барғаннан кейін біздің мектеп бір ауысымда оқуына мүмкіндік туады. Ол мектепте сегіз кабинет белгіленген. Бастауыш сынып оқушыларының бір ауысымда және түске дейін оқығаннан олардың әлеуметтік психологиялық жағдайына жақсы әсер етеді. Негізі өйткені балалардың түске дейін қабылдауы зор. 

200 шаршы метрден асатын ғимаратта кең әрі жарық сыныптармен қатар мұғалімдер бөлмесі және медициналық кабинет болады. Жаңа мектеп Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойында ел игіліне берілмек.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев