Министр: Білім беру ұйымына жетекшілік ету мерзімі 7 жылдан аспауы тиіс

ҚР Ғылым және білім министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялау туралы жазба жариялады, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Асхат Аймағамбетов мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау қағидалары Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде тіркелгендігін айтты. Осылайша, білім беру жүйесінде мектеп, колледж және балабақша директорларын ротациялау институты пайда болған.

«Білім беру саласында он мыңнан астам мемлекеттік ұйым бар. Көптеген басшылар, мерзімсіз еңбек келісімшарттарын жасасқан.
Осыған байланысты бір ұйымда 10-15 жыл және одан да көп жұмыс істейтіндер аз емес. Әрине, олардың арасында өз жұмысын жақсы білетін және мектеп, колледж, мектепке дейінгі немесе қосымша білім беру ұйымдарының дамуына елеулі үлес қосатын басшылар бар. Дегенмен, 10-15 жыл бойы бір орында отырып, өздерінің бастамашылдығы мен дамуға деген ынтасын жоғалтатын мектеп директорлары да бар.

Егер басшы ұзақ жылдар бойы бір білім беру ұйымын басқарса, бұл мотивацияның төмендеуіне, жұмыс барысында жаңа тәсілдердің болмауына әкелуі мүмкін.

Басшылық ететін ұйымның ауысуы өзгерістерді енгізуге және басшының жұмыстағы тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Енді Ережелердің негізгі басымдықтарына тоқталып өтсем.

Біріншіден, бір білім беру ұйымында 4 немесе 7 жылдан астам жұмыс істеген басшылар ротацияланады.

Бұл ретте, осы білім беру ұйымында лауазымға тағайындалған күннен бастап 4 (төрт) жыл жұмыс атқарған бірінші басшы ротациядан өтініші негізінде босатылып, тиісінше қолданыстағы еңбек шарты шеңберінде өз жұмысын жалғастыра алады.

Алайда, егер басшы аталған ұйымда 7 жылдан астам уақыт жұмыс істесе, онда ол міндетті түрде ротацияланады. Осылайша, бір білім беру ұйымына жетекшілік ету мерзімі 7 жылдан аспауы тиіс.

Екіншіден, ротациялаудың төмендегідей шарттары бар:
– ротациялауды облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың білім басқармалары жүзеге асырады;
– ротация бір елді-мекен аумағында жүргізіледі;
– ротациялауды бір деңгейдегі ұйым басшылары арасында жүргізеді;
– ротациялау кезінде бірінші басшылардың біліктілік санаты, яғни аталған санат үшін төленетін қосымша ақы да мерзімі аяқталғанға дейін сақталады.

Ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз ету үшін ротациялау туралы мәселені қарау үшін комиссия жұмыс істейтін болады.

Ротациялау жүйесінің тиімді жұмыс істеуі және тұтастай алғанда бұл қағидалардың жергілікті жерлерде дұрыс іске асырылуы үшін министрлік мониторинг жүргізетін болады», деп жазылған министр хабарламасында.