Ғарыштан бақылау жүйесі Қостанай облысындағы егін алқаптары туралы қате ақпарат беріп тұр

Ғарыштан бақылау жүйесін әлі де жетілдіру керек. Өйткені ауылшаруашылық алқаптарын тиімді пайдалану мәліметтері дұрыс берілмейді. Астықты өлке - Тобыл өңірінің диқандары осылай дейді. Ақпарат дұрыс болмаған соң бизнеске зиян. Тіпті шаруа жерінен босқа айырылып қалуы да әбден мүмкін.

Ғарыштық мониторинг қостанайлық агрохолдингте 2019 жылы енгізілген. Бағдарлама көмегімен топырақтағы ылғал, дәнді дақылдардың өсіп жетілуі қашықтан бақыланып келді. Жүйе агрономның жұмысын жеңілдетті. Мыңдаған гектарды аралаудың қажеті болмады. Бірақ ғарыштан алынған суреттердегі бейне көбіне қате ақпарат береді екен. Бұл мәліметтерді сол күйінде пайдалану дұрыс емес, деп есептейді диқандар.

Александр Гринец, агрохолдингтің бас агрономы:

- Бір стандартпен барлық аймаққа бірдей мониторинг жүргізу әділетсіздік. Дәнді дақылдардың өсу, жетілу индексін әр өлкеге әртүрлі бекіту керек. Көктем солтүстік аудандарға кеш, ал оңтүстікке ерте келеді. Бұлт пен шаңды жел тұрған күндері жасалған түсірілімдердің сапасы нашар, әрі алқаптар дұрыс көрінбейді. 

Жүйе арқылы елімізде жеті миллион гектар жердің босқа жатқаны анықталды. Ал Қостанай облысындағы көрсеткіштердің 70 проценті қате боп шықты. Сол себепті бағдарлама терең зерттеу мен сараптауды талап етеді. 

Александр Гринец, агрохолдингтің бас агрономы:

- Жоба кемшілігі көп. Ортақ индекс нәтижесіне сүйеніп, қандай да қорытындыға келу ерте. Былай жалғаса берсе, талай фермер жерінен айырылып қалуы мүмкін ғой.

Соңғы бес жылда облыста 230 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды. Бұл көрсеткіш бойынша аймақ республикада көш бастап тұр.

Қайрат Оспанов, жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы:

- Бағдарлама айна-қатесіз жұмыс істейді деу қате. Мәліметтері дәлме-дәл емес. Әрине біздің жерді тартып алып, жауапқа тартуға құқымыз жоқ. Әр дерек зерттеледі. Қажет десеңіз, біздің инспектор дронмен шығып жерді өз көзімен бағалай алады.

Ғарыштық мониторингтің жұмысын жетілдірумен цифрлық даму министрлігі айналысып жатыр. Жүйені ел аумағында жаппай енгізбес бұрын білікті ауыл шаруашылығы мамандарымен санасқан орынды, дейді диқандар.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров