Елордада оқушылар арасында ұлттық пікірсайыс турнирі басталды

Биыл алғаш рет шымылдығы түрілген сайысқа еліміздің әр өңірінен 70-ке тарта өрен жиылды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Олар екі күн бойы ел тарихындағы елеулі оқиғаларға қатысты ойларын ортаға салады. Ал озып шыққандары бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдарға ие болады. Бастысы, мұндай іс-шаралар көкөрімдердің көзі ашық, көкірегі ояу азамат боп өсуіне сеп болады дейді ұйымдастырушылар. Пікірсайыс Елбасы күні мен Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына арналып отыр.

Дәулет Нұркен, дебат қозғалысын дамыту бойынша кеңсенің сарапшысы:

- Бұл турнирдің мектепішілік, аудандық этаптарына 40 мың оқушы қатысқан екен. Әрине бәрі офлайн форматта өткен жоқ, кейбірі зум платформасында онлайн ойнады. Дегенмен 40 мың оқушының қызығушылығы болған турнирге қатысуға. Бұл өте керемет жетістік деп ойлаймын.

Атабек Тұрғанбаев, қатысушы:

- Мен Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Қызылтөбе лицейінің атынан келіп отырмын. Осының алдында республикалық деңгейде өнер көрсеттік. Алайда мұндай ауқымды шара бірінші рет өтіп жатыр. Дайындық жоғары деңгейде. Ауылға жеңіспен ораламыз деген ойдамын.