Биотехнология орталығы сирек жеміс түрлерін сақтап қалуға атсалысады

Тәуелсіздік жылдарында елде білім мен ғылымды дамытудың берік іргетасы қаланды. Бірқатар салалық бағыт бойынша ілгерілеуді байқауға болады. Соның бірі биотехнология. Қазір осы саланың өркендеуіне зор үлес қосып отырған Ұлттық биотехнология орталығында бірқатар жоба жүзеге сәтті асырылып жатыр. 

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Біз қазір биотехнология ұлттық орталығындағы өсімдіктер селекциясы зертханасындамыз. Мұнда ғалымдар қызыл кітапқа енген, жойылып бара жатқан өсімдіктер мен жеміс-жидектерді көбейтумен айналысады. Бір ғана мысалы сонау Қытай, Қырғызстан елдерінде және Алматының оңтүстігінде ғана өсетін Недвецкий алмасын, Орталық Қазақстан аумағына жерсіндіріп жатыр. Енді бір 7 жылдың көлемінде жемісін береді деп отыр.

Мұндағы ғалымдар биотехнология әдістерін қолданып, қоршаған ортаның қолайсыз факторларына төзімді өсімдік сорттары мен жаңа түрлерін шығарады. Көкөністер мен жеміс-жидектерді, тал-теректі бактериялық және вирустық аурулардан сауықтыру да осы мамандардың қолында.

Венера Кәрімова, Биотехнология ұлттық орталығының ғылыми қызметкері:

- Біздің зертханамыз сиреп, жоғалып бара жатқан өсімдіктерді микрокулондау әдісімен айналысады. Осы өсімдіктердің тіршілікке қабілеттілігі 90 процентті құрайды. Осы алынған жұмыстар негізі стерильденген зертханалық бөлмелерде жүргізіледі. Өсімдіктер қоректі ортадан қажетті гормон, дәрумендер қосылып, жарық бөлмелерде сақталып, әрі қарай жылыжайға, одан топыраққа бейімделеді. Сөйтіп, дайын көшеттер пайда болады.

Сондай-ақ еліміз қазір тек осы ғана емес жалпы  ғылымды қаржыландыру арқылы саланы коммерциялық бағытта дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Яғни ғалымдардың өнертабыстары бір орында тұралап қалмас үшін оны бизнеске айналдыру қажет дейді мамандар. Қазірде барлық жоба Ғылым қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Қор басшысы Арын Орсариевтің сөзінше, «Сату көлемі жүздеген миллион теңгеден асып», ғалымдар пассивті кіріс алып отыр. Ғылыми әзірлемелердің биологиялық, медициналық, тағамдық және сүт сарысуы негізіндегі сусындар, пробиотиктер және тағы басқа түрлері бар.

Арын Орсариев, «Ғылым қоры» АҚ Басқарма төрағасы:

- Ғылым қоры ғылыми жетістіктерді коммерцияландырумен айналысады. Міндетіміз ғылымға негізделген бизнесті қалыптастыру. Біздің қоржынымызда қазір түрлі саладағы 151 жоба бар. Біз ғылыми тұрғыда дәлелденген нақты жобаларға қаржы құямыз. Отандық ғалымдардың кейбір жұмысына шет елден қызығушылық туып жатыр. Тіпті кейбір өнімдер экспортқа кетіп жатыр. Жалпы құны 15 млрд теңге болатын бизнес қалыптастырдық. Осылайша біз қазақстандық ғылымның пайда әкелетінін дәлелдедік.

Өнертапқыштардың мұндай жұмыстары елеусіз қалмайды. Егер бұған дейін Білім және ғылым министрлігінің гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурстары үш жылда бір рет жүргізілсе, енді олар жыл сайын өткізілетін болды. Сонымен қатар алғаш рет гранттардың жаңа түрлері  енгізілді. Бұл көптеген ғылыми идеяларға мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік берді.

Айнұр Қуатқызы, Ержан Қанапияұлы