Алматыда студенттер арасында «ETU Robocon 2021» чемпионаты өтті

Алматыда ETU Robocon 2021 атты студенттер арасындағы робототехникадан екінші республикалық чемпионат мәреге жетті. Турнирді Нұрсұлтан Назарбаев Қоры, Алматы қаласы әкімдігі, Еуразиялық технологиялық Университеті, Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырды.

Айта кетейік, студенттер арасындағы жарыс Тұңғыш Президент күні мен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылды.

Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған чемпионатты Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров ашты. Ол стартап жобаларды одан әрі жүзеге асыру үшін қатысушыларға техникалық білім қажет екенін атап өтті. Аталған байқау қатысушыларға кез келген IT-технологиялар және робототехника ғылыми институтында кіші лаборант болып жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Медет Тұрғанбаев, «ETU Robocon 2021» чемпионатының ұйымдастыру комитетінің төрағасы:

- Олар Arduino микропроцессоры негізінде роботтарды басынан бастап жасайды. Барлық сенсорлар осы микропроцессорға қосылған. Қозғалыс сенсорлары, жарық сенсорлары, қозғалтқыш сенсорлары қамтылады. Нәтижесінде  бағдарламалау, біріктіру және дизайн негізінде робот жасалады. Ең бастысы функционалдылық.

Роботтар байқауында еліміздің 13 университеті бақ сынады. 5 адамнан  тұратын әр команда екі роботты ұсынды. Олардың бірі автоматтандырылған, екіншісі қолмен басқарылады. Басты талап – үш минут ішінде мүмкіндігінше көп цилиндрді жинап, роботтың көмегімен оларды қажетті жерге қайта орналастыру. Әр дұрыс орындалған тапсырма үшін қатысушылар қосымша ұпай алады.

Медет Тұрғанбаев, «ETU Robocon 2021» чемпионатының  ұйымдастыру комитетінің төрағасы:

- Роботтарды жасау кезінде механиктер, әзірлеушілер, бағдарламашылар, дизайнерлер жиналып, негізгі жобалық бағыт бойынша роботты жасайды. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі жандарға  арналған ақылды таяқ, ақылды сағат сияқты жобаларды ойлап тапты. Шешімдер әртүрлі. Біреу ағаш, біреу темір, біреу пластик құбыр пайдаланады. 

Байқау нәтижесі бойынша бірінші орынды Сүлеймен Демирел университетінің студенттері иеленсе, келесі жүлделі орындар Қазақстан-Америка еркін университеті мен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне бұйырды.

Гүлжан Көленқызы, Абен Нарынбаев