«Болашақпен» оқып жүр талай қазақ баласы

Елбасының бастамасымен 1993 жылы құрылған «Болашақ» бағдарламасы тәуелсіздігіміздің нышаны, әрі еліміздің бренді іспетті. Өйткені қарапайым қазақ жастарына дүниенің төрт бұрышына барып, білімін жетілдіруге мүмкіндік беріп отырған дәл осы бірегей бағдарлама, деп хабарлайды Хабар 24.

Егемендігіміздің 30 жылдығы қарсаңында, алыс-жақын шетелдерде білімін шыңдап жүрген қандастарымызбен таныстыруды жөн көрдік. Солардың бірі Лос Анджлелестегі үздік ЖОО-да оқиды екен. Лос Анджелестегі Оңтүстік Калифорния Университеті әлемнің ең үздік ЖОО-ның бірі. Университет түлектерінің қатарында Нобель сыйлығы мен Пулитцер премиясының иегерлері, Оскар мен Грэмми марапатының жеңімпаздары және әлемнің көшбасшыларын байқауға болады. Сәйкесінше, оқуға түсемін деушілерді іріктеп, үздіктердің үздігін таңдау оңай шауруа емес. Мәселен, жыл сайын бұл оқу ордасына құжат тапсырушылардың 14 проценті ғана қабылданады екен. Солардың бірі – біздің елдің азаматы.

Қазақстандық Рауан Сламқұлов Тараз қаласының тумасы. 2020 жылы оқуға түсуге бел буып, USC-ге құжат тапсырады. Қатаң іріктеуден өтіп, қабылдау комиссиясы мүшелерінің көңілінен шыққан ол, мемлекеттік басқару бағдарламасы бойынша шақырту алады. Ал бұл мамандық АҚШ-тың ең үздік төрттігіне кіреді екен.

Рауан Сламқұлов, USC студенті:

– Мамандығым IPAM деп аталады және оқу өте қызықты. Себебі бұл жерде көптеген группаластарым бар,  олар көптеген елдерден келген. АҚШ-ты санамағанда Еуропадан, Колумбиядан, Азиядан және өзге елдерден келген 12 адамнан тұратын мамандық.  Мен 100 процент өзім айта аламын, әркім өзіне алдына мақсат қойып сол жолда еңбек етсе, мақсатына жетеді.  Өзім сияқты қарапайым жастарға бұл үлкен мүмкіндік.

Оқу жылы пандемиямен тұспа-тұс келіп, сабақтардың онлайн форматқа өтуі оқу процесін айтарлықтай өзгертті. Сол себепті жаңадан қалыптасқан академиялық ортаға дер кезінде бейімделе білу аса маңызды болды. Жалпы қашықтан оқудың кемшіліктерімен қатар, артықшылықтарын да көре біле керек дейлі ол.

Рауан Сламқұлов, USC студенті:

– Әрине карантиннің өзінің плюстары да минустары да бар. Минустары ол білім сапасыз болуы мүмкін. Мысалы бір зумда 35 студент отырып оның әрқайсысына көңіл бөле алмау. Ал плюстарын айтатын болсам, өзіңнің уақытыңды жоспарлауға уақыт жетеді және семьяңның қасында боласың.

Рауанның айтуынша, оқимын деген адамға бағынбайтын белес жоқ. Бастысы білім алуда үздіксіз еңбек ету. Ал жолдасы Сымбаттың айтуынша, шетелде білім алу екінің біріннің қолынан келмейді. Оның үстіне барлық адамға бұйыра бермейді. Жарының оқуға түсіп, отбасымен Калифорнияға көшетінін естіген ол алғашында сене алмай, қуанғанын айтады. Араға үш жыл салып үйреніп те қалдық деп қалжыңдайды.

Сымбат Аронқызы, Рауанның жолдасы:

– Алғашқыда сенген жоқпын. Мен Амеркиаға келгелі әлемнің шексіз екенін ешқандай шекара жоқ екенін түсіндім. Алға мақсат қойса, жететінін түсіндім және шетелде жүргенде өзіңнің еліңе деген құрмет одан сайын көбейеді. Бұл жақтан барлық жақсы нәрсені алып, өз еліңде қолданғың келеді. Біз сияқты қарапайым отбасы үшін бұл тапсырмас мүмкіндік. Біз осылай білім алып, ой өрісімізді өзгертуге мүмкіндік алғанымызға Аллаға мың да бір шүкір.

Рауан оқуы аяқталған соң Қазақстанға оралып, Статистика комитетіне оралып, еңбек етеді. Шетледе жүріп, білген-түйгенін еліме барып, қолдансам арманым жоқ дейді болашақ магистр.

Рауан Сламқұлов, USC студенті:

– Болашақ жоспарларым көп. Мен биыл мамыр айында бітіремін. Өзім Ұлттық Экономика министрлігінде жұмыс істедім. Енді мемлекеттік қызметкер ретінде өзімнің жұмыс орнымда қолданамын деген үміттемін. Осы 3 жыл уақытта алған білімімді, тәжірибемді Статистика комитетінде қолданамын деген сенімдемін.

Жыл сайын мыңдаған қазақтандық әлемнің 200-ден астам озық ЖОО барып, білім алып, заман талабына сай білікті маман атанады. Мамандықтар тізімі де сан алуан. Молекулалық биологиядан бастап, антропология мен вакциналогияға дейін жалғасады. Еліміздің ертеңі үшін қажетті мамандықты игерген қазақ жастарының елге оралып, еңбек етуі де көңіл қуантады. Себебі елімізді болашаққа бастайтын да дәл осы болашақтықтар емес пе?!

Авторы: Талғат Алманов