Байқоңырдағы Ресей мектептерінде қазақ тілі оқытылады

Байқоңыр қаласындағы Ресей мектептерінің сабақ жоспарына «Қазақстан тарихы» және «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндері енгізілді, деп хабарлайды Хабар 24.

Бұл туралы Қазақстан–Ресей жетінші үкіметаралық комиссия отырысында айтылды. Екіжақты келісім арқылы Ресей Федерациясының оқу жүйесімен білім алатын Қазақстан азаматтарына мемлекеттік тілін дамытуға, патриоттық және рухани тұрғыда тәрбие алуына жағдай жасалады. Сондай-ақ оларға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік білім гранттарын иеленуге тең құқық беріледі. Қазіргі қалашықта он мыңдай оқушы 12 мектепте білім алады. Оның бесеуі отандық, қалғаны ресейлік білім беру стандарты бойынша оқытылады. Сонымен қатар комиссия отырысында «Байқоңыр» кешеніндегі пайдаланылмай тұрған нысандарды жалға беруден шығару және кәдеге жарату жөнінде келісімдер жасалды. Одан бөлек жылу электр станциясына табиғи газды жеткізу мәселелері бойынша екіжақты тараптардың ұстанымына қарай ортақ шешім қабылданатын болады.