Павлодар облысында 23 жыл бойы қаңырап тұрған мектеп ғимараты жөндеуден өтті

Павлодар облысында 23 жыл бойы қаңырап бос тұрған мектеп ғимараты қайта жөндеуден өтті. Май ауданының Кеңтүбек ауылында бір кездері жылу жүйесі істен шыққан білім ошағының есігіне қара құлып салынып, оқушылар тар ғимаратта оқуға мәжбүр болған еді. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында оқушылардың игілігіне берілді.

Ширек ғасырға таяу жабық тұрған білім ошағының іргетасы сонау 1967 жылы қаланыпты. Тек қаңқасы қалған мектепті бұзуға ешкімнің батылы бармаған. Түбінде бір жөнделер деген сеніммен өмір сүрген ауыл адамдарының үміті ақталды. Тәуелсіздіктің құрдасы Гүлжан Зайырова осы мектептен түлеп ұшқан екен. Жоғары білім алғаннан кейін туған ауылына оралыпты. 

Гүлжан Зайырова, бастауыш сынып мұғалімі:

- Мемлекеттің «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында көтерме жәрдемақы алдым. Қазіргі таңда өзіме білім берген ұстаздармен әріптес болып, он жылға жуық еңбек жолымда оқушыларыма қалам ұстатып, тәлім-тәрбие беріп келе жатырмын. Елмен бірге есейген мен сияқты жастар да Қазақстанның болашағы үшін аянбай еңбек етуде.

Мыңға жуық тұрғыны бар Кеңтүбек ауылы үшін жаңа мектептің ашылуы көптен күткен қуаныш еді. Өйткені балалар бұған дейін екі  ауысымда оқып келді.

Анар Жанығұлова, мектеп директоры:

- Осы ғимаратты қосар алдында мектептің қосалқы ғимаратында білім алды. Әрине көптеген пәндік кабинеттер жетіспеді. Бүгінгі күнде осы мектепте бізде 11 пән кабинеті қосылып отыр. Ғимарат қосу арқасында бізде бастауыш блогы бөлек оқып отыр. Оның алдында бастауыш сыныптар екі кезеңде оқуға тура келді. Енді бүгінгі күнде мектепалды даярлық сыныптары, бастауыш сыныптары өз кабинеттерінде оқиды және қосымша сабаққа қатыса алады.

Көне ғимаратты жөндеу барысында өркениетке сай сапалы білім беретін озық үлгілі мектеп құру талабы қойылды. Облыста жүзеге асып жатқан «Заманауи мектеп» жобасын енгізу туралы ұсынысқа ауданның білім бөлімімен қатар  бұрынғы түлектері де білек сыбана кірісті. 

Гүлнәр Қайдарова, кәсіпорын директоры:

- Мен үшін бұл өте қуанышты жаңалық болды. Сондықтан бір сыныпты жабдықтап беруді жөн көрдім. Заманауи тілмен айтсақ, steam кабинет. Ол интерактивті тақта, жиһаз және парталар. Оқушылардың сапалы білім алуына көмегі тиеді деп сенемін.

Бұл мектепте қазір 163 бала оқиды. Білім ошағы физика-математика бағытын таңдаған. Жаңа ғимаратта  жоғары сынып оқушылары үшін арнайы оқу  орталығын ашу мүмкіндігі де бар. Аудан бойынша мектеп бітіруші түлектер енді интернатта жатып оқиды.  «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бөлінген 147 миллион теңгеге мектептің жылу жүйесі, шатыры, қабырғалары толық жаңартылып, қазіргі заман талабына сай жабдықталған.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков